Алматыда суретші Айжан Бекқұлованың жеке көрмесі өтіп жатыр

Тігін машинасынан жасалған тазы мен арбаға жегілген жылқы.

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне осындай ерекше заттар қойылды. Көрменің авторы белгілі қазақстандық суретші Айжан Бекқұлова. Көрермен назарына суретшінің 1990 жылдардан бастап қазіргі уақытқа дейін жасаған жүзге тарта шығармасы қойылған. Көрмеде көз тоқтатып қарар туындылар өте көп. Әсірсе тігін машинасының пішінін ары қарай дамытып, тазы бейнесінде ұсынуы өте сәтті шыққан. Бұл туындыны суретші Абдула Наурызбаев екеуі бірігіп жасапты. Айжан Бекқұлова: «Тігін машинасы жаныма жақын, көзіме ыстық көрінеді», - дейді. Нағашы атасы соғысқа дейінгі жылдары сахна киімдерін тіккен Алматыдағы жалғыз тігінші болған екен. Көрме авторы  өзі де тігін шебері. Суретшінің шоқтығы биік туындыларының бірі «Ағаш есік». Қазақ үшін қасиетті саналған босағада ескі мен жаңаның үйлесімі үндескен. Көрмеге бұдан бөлек тоқыма, киіз бұйымдар, зергерлік әшекейлер, сондай-ақ металдан, керамикадан жасалған туындылар қойылды.

Айжан Бекқұлова, суретші, ҚР Қолөнершілер одағының төрайымы:

- Көрмеге соңғы 20 жылда жасаған еңбектерімді жинақтадым. Тек гобеленші және киіз бұйымдарының шебері ретінде ғана емес, темір, ағаш материалындағы еңбектерімді танытқым келді. Көрермен мұндағы ерекше авторлық стиль ұлттық мәдениет пен  қазіргі заманның ырғақтарын аңғарады деп ойлаймын.