«Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізу ұсынылды
«Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұрасы тізіміне енгізу ұсынылды. Алматыда бас қосқан бір топ мамандар осындай ойды ортаға тастады. Түркі халықтарына ортақ мұраны талқылау үшін Алатау баурайына 12 елдің сарапшысы келді.
Олар – Түркия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекетіне белгілі ғалымдары. Жиында «Алпамыс батыр» жырының ағылшын тіліндегі басылымы таныстырылды. Халқымыздың батырлық кейпін паш ететін бұл шығарма – ең көне жыр әрі түркі халықтарына ортақ. Айталық, өзбек халқында «Алпамыш», башқұрттарда «Алпамыша» атымен аталады екен.
Кенжехан Матыжанов, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:
- «Алпамыс батыр» жырына қызығушылық ерте заманнан басталғанын білеміз. Алғашқы жазба дерегі ретінде жарияланған кезі 1889 жылдан басталады. Міне, содан бері бүкіл Еуразия даласында жырланып келеді, қолданылып келеді. Сондықтан бұл жырды ЮНЕСКО-ның тізіміне кіргізу өте маңызды.
«Достар серті» мюзиклі сахнаға оралды
«Достар серті». Елордадағы Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт әртістерінің өнерсүйер қауымға кезекті тартуы осылай аталады. Мюзикль жанрындағы қойылымға белгілі сахна шебері, актер Есләм Нұртазин режиссерлік етті. Осылайша, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбековтың шығармасын театрдың ұл-қыздары жаңа қырынан көрсетуге тырысты. Мюзикльдің өзі 60-70 жылдарды суреттейді. Әр өңірден арман қуып, орталықтағы консерваторияға оқуға келген мақсатшыл жастардың басынан өткен хикаялары ән-би арқылы баяндалады. Қойылым барысында қазақ эстрадасының көрнекті тұлғалары Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, «Дос-Мұқасан» тобы мен әйгілі «Битлз» репертуарындағы әндер шырқалды.
Демалыс күндері өтетін мәдени іс-шаралар
Алдағы ұлық мереке Республика күніне орай еліміздің бас сахналарында мәдени іс-шаралар жоспарланған. Елордадағы өнер ұжымдары ұсынатын мәдени бағдарламалар легі мынадай:
19 қазан кешкі сағат 18:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында ауқымды концерт өтеді. «Ұлы шеберлер мұрасы» атты іс-шарада қазақ музыкасының үздік туындылдары орындалады.
Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков сынды ұлы композиторлардың шығармаларымен қатар аты аңызға айналған Муслим Магомаевтың репертуарындағы танымал әндер тыңдарманға жол тартады.
Дәл осы уақытта «Астана Опера» театры қос кемеңгер композитор Джузеппе Верди мен Джакомо Пуччинінің шығармашылығына арналған «Ұлылық пен құштарлық» атты класикалық музыка кешін ұсынады.
Ал 18 қазанда кешкі сағат 19:00-де Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт сахнасында атақты «Гүлдер» ансамблінің концерті өтетін еске саламыз.