Алматыда Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған көрме ашылды

Алматының Орталық музейінде даңқты батыр Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай көрме ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Онда Халық қаһарманының Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі фотосуреттері, марапаттары мен жеке құжаттары қойылған. Берлиндегі Рейхстагтың төбесіне тігілген тудың көшірмесі де бар.

1945 жыл 30 сәуір. Берлин шайқасының қызған шағы. Полк командирі лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовқа ең ауыр тапсырманы жүктейді. Рейхстаг олардан 360 метр жерде тұрса да, Қошқарбаев пен Булатов 7,5 сағатта жетеді. Осылайша, оқ пен оттың арасынан өтіп жеңіс туын тігеді. Бүгінде сол тудың көшірмесі Алматыдағы Орталық музейде тұр.

Гүлсара Жапақова, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми қызметкері:

- Полк командирі ұрыс алаңынан табылған қызыл матаны төртбұрыштап кесіп алып, Кеңес Одағының туы ретінде пайдаланған. Оны Рейхстагқа тігу үшін Қошқарбаев пен Булатовқа тапсырыпты. Рақымжан атамыз туға 675-ші атқыштар полкі, Қошқарбаев пен Булатов деп жазған екен.

Рақымжан Қошқарбаев «Қызыл ту», «I Дәрежелі Отан соғысы» орденімен және медальдармен марапатталған. «Ол соғыстағы ерлігімен ешқашан мақтанған емес. Қанды жылдар шерін ішінде сақтап кетті», - дейді қызы Әлия Қошқарбаева. Даңқты батыр 1988 жылы Алматыда қайтыс болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ерлігі ескеріліп, 1999 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Әлия Қошқарбаева, Р.Қошқарбаевтың қызы:

- Әкем соғыс туралы көп айтпайтын. Менің ойымша, ол қарапайымдылықтың және сол кездегі тәрбиенің белгісі болса керек. Олар соғысты ерлік деп есептеген жоқ. Бірақ сарбаздардың артына жасырынбай, олардың алдында жүріп, қорған болу кез келген офицердің міндеті еді. 

Соғыстан кейінгі жылдары Рақымжан Қошқарбаев кеңестік оккупациялық әскери бөлімінде қызмет атқарды. Одан соң Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Министрлер кеңесі жанындағы басқармада инспектор болды. «Кейін «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарды. Рақымжан Қошқарбаев сынды ерлігі ерен батырларды дәріптеу тоқтамау керек», - дейді әскери ғылымдар докторы Досай Абыраев.

Досай Абыраев, әскери ғылымдар докторы, профессор:

- Жастарға үлгі керек, рухани байлық керек. Сол Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы сияқты батырларымызды еске алып, солардың батырлығын үлгі қылып, сонда ғана біз ел боламыз, сонда ғана біз нағыз батыр боламыз. Сондай ұмытылған батырларымыз біздің тарихымызда көп.

Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ашылған көрме қарашаның ортасына дейін жалғасады. Келем деушілерге есік ашық.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов