Мәдениет және ақпарат саласының үздіктері марапатталды
Түрлі салада тер төккен еңбек озаттары марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Республика күні қарсаңында сала үздіктерін мемлекеттік және ведмостволық медальдармен наградтады. Олардың сапында эстрада әншілері мен ақпарат саласының өкілдері және өнер қызметкерлері бар.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Тәуелсіздіктің арқасында бүгін баршамыз еліміздің әр саласында дамып, өркендеуіне үлесімізді қосып келе жатырмыз. Сондықтан ақпарат саласы болсын, мәдениет саласы болсын, қоғамдық дамыту саласы болсын, күнделікті аянбай күндіз-түні жасап жатқан еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.
Әріптесіміз Аслан Қаженов те мәртебе биігінен көрініп, «Ерең еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ол он жылдан аса уақыт телеарна сапында қызмет етіп, қазақстандық спорттағы ақжолтай жаңалықтармен ақпараттандырып келді.
Аслан Қаженов, 24KZ телеарнасының тілшісі:
- Бүгін біз үшін тосынсый болды. Республика күні қарсаңында арнайы марапат дайындаған екен, Мемлекет басшысының жарлығымен. Еңбегімізді аз-кем елеп жатыр екен. Бұл – мотивация. Біз қызмет ететін мемлекеттік арнадағы әріптестеріміздің, үлкен ұжымның еңбегі. Біз көтеріп жүрген мәселелер, мен спорт саласында жазамын. Қазір үлкен өзгерістер болып жатыр, кішкентай тамшысындай үлесіміз бар деп ойлаймын.