Жезқазғанда «Қазақстанды сүю» атты фотокөрме өтіп жатыр

Жезқазғанда қоғам қайраткері, қазақстандық танымал жазушы Жан Ақжановтың фотокөрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Автор 300-ден астам елді мекенді аралап, әр жердің келбетін фотосурет арқылы ашуға тырысты. «Қазақстанды сүю» деп аталатын жоба елдегі туризм мен мәдениетті дамытуды мақсат тұтады.

Қазақстандықтардың тыныс-тіршілігін, қалалары мен әсем табиғатын көпшілікке таныстыру. Көрменің мазмұны осы. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Осының бәрі автордың «Қазақстанды сүю» жобасын жасауға шабыт бергендей. «Келушілер фотосуреттер арқылы ел туралы мағлұмат алумен шектелмей, шығармашылықтың жаңа түріне бет бұрады», - деп үміттенеді жазушы Жан Ақжанов. Себебі ол өзінің басты аудиториясын жастар деп есептейді.

Жан Ақжанов, жазушы, қоғам қайраткері:

- Мен, осылайша, елге, жерге деген махаббатымды жеткізгім келеді. Әркімнің осындай көрмені өткізуге мүмкіндігі бар. Бұл аса қымбатқа түсетін қиын шаруа емес. Егер кімде-кімнің құлшынысы оянып жатса, туған елді мекенінен, жергілікті ауруханадан, өрт сөндіру бекетінен, мектептен немесе еңбек адамдарынан бастауға болады.

Студенттер көрмеге алғашқы келушілердің қатарында болды. Жастар фотосуреттердің тарихына, түсірілген жерлерге қызығушылық танытып, авторға көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Сонымен қатар Жан Ақжанов әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қозғайтын кітаптар туралы кең мәлімет берді.

Зағира Қалменова, тарихи-археологиялық музейдің директоры:

- Осындай көрме жалғасын таба берсе деймін. Себебі осындай көрмелердің насихатталғаны ол дұрыс. Мынау біздің келешек ұрпағымыз қазіргі таңда мына ұялы телефонды қарайды. Сондықтан соткаға қарағанша осындай кітаптарды оқып, осындай фотокөрмелерге танысқанды дұрыс деп ойлаймын.

Фотокөрме Ұлытау облысындағы барлық қала мен ауданында 9 қарашаға дейін өтеді. Автор көпшілікке жалпы саны 25 еңбегін ұсынады. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Елизавета Шалина