Қазақстанның 4 фильмі Cinema Heritage фестивалінде көрсетілді

Қазақстанның 4 фильмі Cinema Heritage фестивалінде көрсетілді

Парижде Cinema Heritage фестивалінде Қазақстанның 4 фильмі көрсетілді.

Халықаралық көрсетілімге ЮНЕСКО мұрындық болған. Атақты фестивальде қазақ фильмдеріне айрықша көңіл бөліп жатқанының өзіндік сыры бар.

Францияда Қазақстанның соңғы самурайы – өмір-бақи біздің елде тұрған жапон тұтқыны Ахико Тецуро туралы фильм көрсетілді. Елдар Қапаров пен Әлия Увальжанованың «Соғыс тұтқындары» картинасы бұған дейін Жапония мен АҚШ-та таныстырылған еді. Фильм Қазақстанның өзінде әлі көрсетілген жоқ.

Янн Аврил, режиссёр:
- Бұл үлкен және әдемі фильм.
Бізге жетіспейтін көп қыры бар. Ол батыс өлшемі бойынша өте қысқа мерзімде және аз ақшаға түсірілген. Бірақ керемет шыққан.

Гизем Даг, студент, түркологтар қауымдастығының мүшесі:
- Елеусіз жүрген нағыз қаһармандарды көрдім.
Өте мұңды хикая. Мұндай сұмдық нәрселер әлемде қазір де болып жатыр. Фильмге өте тәнтімін. Сезімімді жеткізе алмаймын.

Фильм – Қазақстан мен Жапонияның бірлескен өнімі. Француз мамандары да атсалысқан. Париж фестивалінің дирекция өкілдері «Қазақстандық кино шетелдік көрермен үшін де, кәсіби мамандар үшін де қызықты» дейді.

Диана Әшімова, Cinema Heritage фестивалінің атқарушы директоры:
-
Бірнеше жыл бұрын біз осы жерде «Мәңгүрт коды» деген шартты атауы бар өте үлкен жобаны таныстырғанбыз. Ол – деректі драма. Картинаны түсіру жұмысы басталып та кетті. Оған Голливудтың атақты сценарисі, «Оскар» иегері Дэвид Франзони де қатысып жатыр. Ісіміз қазірден жемісін беруде. Қазақстандық жобаларды әлемге таныстырып жатырмыз.

«Кино мұрасы» фестивалінің негізі былтыр қалаған. ЮНЕСКО қолдауындағы іс-шараның мақсаты – жергілікті көрерменге жас таланттарды таныстыру, бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттау және халықтар арасын жақындастыру.

Садық Шер-Нияз, Қырғызстанның Франциядағы елшісі:
- Көптеген көрермендер, оның ішінде қазылар алқасы да қазақ фильмдері өте сапалы деп жатыр.
Парижде де қызығушылық өте жоғары. Фестиваль біздің аймақтың жас таланттарын таныстыруды көздейді.

Байқау бағдарламасында Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» драмасы да бар. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық күні бағдарламасында Әділхан Ержановтың «Дала тағысы» триллері және «А-Студио» әндерінің мотивімен түсірілген «Тоқта, түн» мюзиклі де көрсетілді.

Авторлары: Ернат Рахметолла, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан, Еламан Мұстафа