Алматыда жазушы Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Алматыда белгілі жазушы, журналист Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды 24kz.

Қаламгер бұл үйде ширек ғасыр өмір сүрген. Еркінбай Әкімқұлов әртүрлі жанрдағы 20-дан астам көркем шығарманың авторы. Оның «Қыз күнделігі», «Қош бол, альбом!», «Жанарым – жарық дүнием» секілді туындыларын оқырман қолдан қолға тигізбей оқыды. «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» эссе-романы да ерекше ықыласқа бөленді. Радио мен театрға арнап бірнеше пъеса жазды. Ол журналистика саласына да үлкен үлес қосты. Бүгінгі іс-шараға ақын-жазушылар, көзін көрген журналистер қатысты.

Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:

- Әкімқұлов ұзақ жылдар қазақ әдебиетіне еңбек сіңірді, қазақ баспасөзіне еңбек сіңірді, қазақтың баспа ісіне еңбек сіңірді. Сондықтан оның шығармалары біздің көкейімізде сақтаулы және болашақ ұрпағымызда оқиды деген үміттеміз.