Алматыда XVII халықаралық «Еуразия»кинофестивалі аяқталды
Алматыда XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қорытындыланды, деп хабарлайды 24kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған дәстүрлі кино мерекесіне биыл әлемнің 20 елінен кинематографистер мен көрермен келді.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Салтанатты кеш «Агент 007» фильмінен алынған «Explosive» композициясының орындалуымен ашылды. Дәстүрлі кинофестиваль аясында биыл Еуропа мен Азия елдерінің толықметражды фильмдері, сондай-ақ Орталық Азия мен Түркі елдерінің фильмдері сынға түсті. Қазылар назарына ұсынылған фильмдер қатарында «Қазақфильм» туындылары да бар.
Айта ктейік, биыл фестиваль Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен киностудияның 90 жылдығына арналды.
Айдар Омаров, Qazaqfilm директорының міндетін атқарушы:
- Кинофестивальге ұсынылған фильмдердің жанрлары әртүрлі. Биыл алғаш рет хоррор жанрындағы фильм қосылды. Мәселен, Әділхан Ержановтың отандық «Кадет» фильмі бар.
«Еуразия» кинофестивалі тек кино мамандары үшін ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтары үшін де ерекше болды. Көрермендер әлемнің үздік фильмдерін тамашалап, кинофестивальдің ерекше атмосферасына куә болды. Сонымен қатар кинофестиваль аясында түрлі шеберлік сабақтары мен кинодәрістер ұйымдастырылып, студенттер киноөндірістің құпияларына қанықты.
Гжегож Дебовский, «Почти ничего» фильмінің режиссері (Польша):
- Бұл менің Қазақстанға бірінші келуім. Маған бұл фестиваль ұнады. Менің фильмім үш фестивальге қатысты. Оның қатарында азиялық фестивальдер де бар. «Еуразия» кинофестиваліне қатысқаныма өте қуаныштымын.
Қазылар алқасының шешімімен татарстандық Эльза Каримова «Үздік актриса» атанса, қырғызстандық Абылай Марат «Үздік актер» аталымына ие болды. Ал «Жоқтау» фильмі үшін қазақстандық Аруан Анартай «Үздік режиссер» ретінде марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың әлемдік кино өнерінің дамуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов