Шымкентте VІІ детектив шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды
Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың құрметіне арналып, осымен дәстүрлі түрде жетінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шығармашылық сайысқа ел аумағынан жүздеген қаламгер қатысып, әдебиет әлемінің кенжелеп қалған жанрын жандандыруға үлес қосты, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, оқиға желісі мен басты кейіпкердің образын аша білген үздік он шығарма оқырман қауымға ұсынылды.
Республикалық байқау әдебиет әлемінде шытырманға толы жанрды жаңғыртуға бағытталған. Баспасөз беттерінде 8 ай бұрын шағармашылық сайыс жалғасатыны жарияланып, жаңа ережелер ұсынылды. Соған қарамастан барлығы 106 автордан өтініш қабылданған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрге айналған байқауға жеті жылдың ішінде жазушылардың қызығушылығы артып, бәсі биіктеген.
Айнұр Сембаева, байқау ұйымдастырушысы:
- Биыл біз қазақтың өз Шерлок Холмсы, өзінің детективі пайда болуы керек. Міне, сол деңгейге жеттік деген оймен байқаудың талабын өзгерттік. Ережесіне біз өзіміз Қайсенов Абылай деген тергеушіні алдық. Сол Абылай Қайсенов арқылы бүкіл құқық қорғау саласында жұмыс істеп жүрген, қылмысты ашып жүрген мықты қызметкерлердің жиынтық образын қалыптастыруға тырыстық.
Шарттарды орындауға жазушылар мен журналистер, заңгерлер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері де қызығушылық білдірді. Сонымен қатар жас қаламгерлердің де жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туды.
Шығармашылық байқауға қарымды қаламгерлер де айрықша ынта білдірді. Солардың бірі отыз жылдың ішінде 15 кітап, 4 роман жазып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген – Әділбек Ыбырайымұлы. Жаңа шығармасында спорт саласындағы әділетсіздікті тербеп, қылмыстың соңы жаза екенін ұқтыруға тырысқан.
Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы:
- Кез-келген дүниені тауар ретінде қарасақ детектив шығармасы интелектуалдық ортада ең бір өнімді тауарлардың бірі болып есептеледі. Осы детективтің негізінде кино түсіріледі, сол детективтің негізінде көптеген кітаптар жарық көріп, айналымда үлкен капиталды әкеп жатқан жайлары бар. Бұндай шығармалар осы конкурста көптеп табылады.
Қатысушылардың айтуынша, Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы кенжелеп қалған жанрдың түрленуіне сеп болған. «Оған дәлел – жеті жылдың ішінде үздік жазбалар топтастырылып, «Шытырман» жинағы жарық көрді», - дейді. Жақында тағы бір кітап баспаға жіберілді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы