Елордадағы «Жастар» сарайына 50 жыл
Биыл елордадағы «Жастар» сарайына 50 жыл. Шығармашылық орталық жарты ғасырда жарқын жетістіктерге жетіп, астаналықтардың сүйікті орнына айналды. Өнер мен спортқа ұмтылған талай таланттың бағын ашып, қанатын қатайтты.
«Жастар» сарайы – Астананың өнерін өрге сүйреп келе жатқан шығармашылық орталық. Қаладағы мәдени іс-шаралардың көбі осы шаңырақта өтеді. Қазір өнер ордасында 20-дан астам үйірме бар. Оған ай сайын 2 мыңнан астам бала келеді.
Жаңабай Мейірманқұлов, Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы:
- «Жастар» сарайы 1974 жылы ашылған. Қазір қаламыздағы оң жағалаудағы барлық жастарды, оның ішінде мектеп оқушылары бар, студенттер бар, жастардың шоғырланатын орнына айналды. «Жастар» сарайында үлкен концерттік залдан бөлек, спортпен шұғылданатын бассейн бар, спорттық үйірмелер бар. Сондықтан мен ойлаймын «Жастар» сарайының атқарып жатқан қызметі орасан зор.
Сондай-ақ өнер ордасында балаларға арналған 12 шығармашылық ұжым бар. Арасында танымалдарынан «Астана» эстрада-симфониялық оркестрі, «Терра» би театры, «Жігер» эстрадалық-джаз ансамбльдерін ерекше айтуға болады.
Алтын Махамбет, балалар шығармашылық ұжымының жетекшісі:
- Бұл бағдарламаның басты мақсаты – «Жастар» сарайының жарты ғасырдан бергі халыққа атқарған қызметін паш ету, насихаттау. Жалпы Астана жұртшылығына «Жастар» сарайының жаңаша деммен ашылғалы тұрған жаңа шығармашылығын насихаттау, көрсету. Бүгінгі гала-концертте біздің шығармашылық ұжымның үлкен бір жаңалығы, «Жастар» сарайының әнұраны жарыққа шықты. Осы кеште Астана халқы біздің жаңа әнұранды тамашалайды және біздің жаңа басшымыз Мәди Шойынбекұлының басқаруымен біздің орталықта үлкен жаңа жобалар жарыққа шығып жатыр.
Бүгінде өнер ордасының жас таланттары кез келген республикалық және халықаралық байқаулардың басты фавориті. Оған жетістіктері дәлел.
Әсел Рустамова, биші:
- Қатысып жүргеніме 8-9 жыл болды. Мен билеуді кішкентай кезімнен жақсы көремін. Анам да биді жақсы көреді. Сол үшін мені биге берді деп ойлаймын. Біз көп жерге бардық. Еуропа елдеріне Париж, Испания, Испания, Италия, өзіміздің Азияда сондай жерлерге барып, үнемі гран-при, бірінші алып келетінбіз.
«Жастар» сарайы өнерпаздары алдағы уақытта өз көрермендерін ұлттық бағыттағы жаңа бастамаларымен қуантпақ. Тіпті тәуелсіздік мерекесі мен жаңа жылға дайындап қойған арнайы іс-шаралары бар.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев.