Ыстанбұлда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы сахналанды
Ыстанбұлда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Тәуелсіздік күніне орай еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған қойылымды тамашалуға келген жұрттың қарасы қалың болды. Опера көрермендер мен қонақтардың ыстық ықыласына бөленіп, әртістердің шеберлігі жоғары бағаланып жатыр.
Бауырлас ел көрермендері көптен күткен опера өнердің қара шаңырағы саналатын Ыстанбұлдағы Ататүрік мәдениет орталығында сахналанды. Шаһар тұрғындары мен қонақтары ортағасырлық алып мемлекет Алтын Орданың құрылуына куә болып, ғасырлар қойнауына жетелейтін естен кетпес саяхатты бастан кешті. Премьераның билеттері бірнеше күнде сатылып кеткен.
Бүгін - операның бірінші күні. Екі мыңнан астам кісілік орталықта ине шаншар жер жоқ. Ағашқы көрсетілімінде түрік көрермені ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Жиналған қауым әртістер өнер көрсеткенде олардың шеберлігіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық киімдердің ерекшелігі мен актерлік ойынына да таңдай қақты.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры артистері мен бишілерінің Хор мен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көрсеткен өнері көрерменді бірден баурап алды. Ал сахналық безендірілу, жарық эффектілері ерекше әсер етіп, әр қонақ өзін қойылымдағы кейіпкерлердей сезінді. Операның басты кейіпкері Жошы ұлысында елеулі рөл ойнаған тұлғаның бірі – Хан Сұлтан.
Зарина Алтынбаева, опера әншісі:
- Хан Сұлтан – ұлы әйел. Батыл әрі мықты тұлға. Ол Беркенің анасы. Жошы ханның үшінші әйелі. Алтын Орданың құрылуында маңызды рөл ойнаған. Бұл біздің «Хан Сұлтан» операсын Ыстанбұлда алғаш рет қоюымыз.
Солистер, оркестр, хор, балет топтары және тағы басқа қатысушыларды қоса есептегенде Анадолы жерінде 200-ге жуық өнерпаз сахнада бас қосты. Олардың ішінде әсіресе ең жас әртіс көрерменнің көзайымына айналды.
Сұлтан Жақсыат, Беркенің рөлін сомдаушы:
- Мен осы операда 6 жастағы Беркенің рөлін орындадым. Маған қиын емес.
Медина Карбаева, Бөртенің рөлін сомдаушы:
- Мен Бөртенің кішкентай кезімін. Мен алтыдамын. Осы жақта бірнеше рет репетиция болды. Қазір енді сахнаға шығамыз.
Опералық қойылымды тамашалаған көрермендер ұзақ уақыт қошемет көрсетті. «Қойылым қазақ тілінде болса да, мазмұнын түгел түсіндік», – дейді.
Гүлбу Ышытмангил, көрермен:
- Солистер, хореографтар керемет өнер көрсетті. Тенор, сопранолардың дауыстары ғажап. Әсіресе кішкентай солистер қатты ұнады. Олар өз рөлдерін тамаша ойнай білді.
Шахин Оғузүлген, көрермен:
- Операда әйел затының қоғамдағы рөлі бейнеленді. Оның мемлекеттің болашағы үшін жасаған әрбір әрекеті ұлттың келешегін айқындағаны жақсы көрсетілді.
Операны түрік елінің мәдени орталығы Ыстанбұлда ұйымдастыру пікірі жуырда ғана қалыптасқан.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- Хан Сұлтан операсын алғаш рет Абай театрында тамашаладым. Осыдан кейін онымен бүкіл түркі дүниесі де таныс болуы керек деп шештім. Театр директорымен сөйлесіп, пікіріміз бір жерден шықты. Шетелдегі премьерасын Ыстанбұлдан бастау дұрыс болды. Бұл - біздің ортақ тарихымыз.
Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры, идея авторы:
- Біз үшін өте керемет күн. Өйткені тарих ол жазылып қана қоймайды. Жалғасын табу керек. Сондықтан да Ыстанбұл қаласында өзіміздің Тәуелсіздігіміз қарсаңында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Ататүрік театр залында қойылып жатыр. «Бес күннің ішінде екікүндік билеттің сатылуы, үлкен аншлаг болу бұл жерде рекордты көрсетті», – деп көптеген пікір айтылды.
Қойылымда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсына арнайы дайындалған 173 сахналық костюм ерекше көзге түсті. Оркестр мен бишілердің әрбір нөмірі көрерменді қиялға жетеледі. Айта кетейік, «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Ыстанбұлда бүгін де сахналанады.