«Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрсетіледі
Ертеңнен бастап Disney студиясының «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмінің премьерасы басталады.
Мультфильм қазақ тілінде де көрсетіледі. Алматыда премьера алдындағы жабық көрсетілім өтті. Оған фильмді қазақша дубляждаған актерлар, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысты. Бұл биыл Disney студиясы, өз қаражатына қазақшаға аударған үшінші жоба.
«Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмін қазақ тілінде дубляждауға өз ісінің білгірлері тартылған.
Солардың бірі Халық артисі Дулыға Ақмолда. Ол-Рафикиді қазақша сөйлеткен. Айта кетерлігі, кастингті Disney студиясының өзі өткізген. Басты кейіпкер Муфасаны дубляждау Ерасыл Мұхамадиевке тапсырылыпты.
Ерасыл Мұхамадиев, диктор және дубляж актері:
- Дәл Диснейдің басты рөлін алғаным тәжірибемде бірінші рет болып жатыр. Барлығы кастинг арқылы болды, кастингке шақырылып, жазып көрдік дыбыстап, одан кейін оны Диснейдің өздерінің адамдары тексеріп, дауысымызды қабылдап осы рөлге бекітті.
Бұған дейін кішкентай көрермендер «Моана 2» және «Ойжұмбақ 2» фильмін ана тілінде үлкен экраннан тамашалады. Тіпті «Моана 2»-нің қазақша нұсқасы 12 күнде 151 млн теңгеден астам табыс тапты. Демек, қазақ тіліндегі сапалы дүниеге сұраныс бар.
Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:
- Қазақ тілді көрермендер, қазақ тілді бүлдіршіндер сапалы контентті ел қатарлы, барлық елдермен бірге сол сапада, әндері болсын, кейіпкерлері болсын көре алды. Көрермен қызықса демек бұның барлығы бекер емес және осындай нәрсені жасауымыз керек. Біз қандай мемлекеттен кембіз 39-тіл болып есептелеміз.
Disney жыл сайын әр фильмнің 30-ға жуық тілдегі нұсқасын дайындайды. Әлемдік студиялардың туындыларын қазақшаға аударуға «Қазақ тілі» қоры ұйытқы болып келеді.
Дулат Тастекей, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті:
- Қазақ тілді контингент осындай фильмдерді қолдаса келесі жылы да біз көптеген Диснейдің, Пиксардың немесе басқа да бағыттағы кинокомпаниялардың осындай қазақ тіліне өз қаражатымен аударғанын көреміз, деп ойлаймын. Себебі біз қазақ тілді контентті қолдайтын өзіміз.
2011 жылдан бері Disney-дің 40-қа жуық фильмі қазақша көрсетілді. Биылдан бастап қазақ тіліндегі дубляжды студия өзі қаржыландыра бастаған. «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмі ертеңнен бастап барлық кинотеатрларда көрсетіледі.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев