Жетісудағы 27 мәдениет үйіне күрделі жөндеу қажет

Жетісу облысы Панфилов ауданындағы мәдениет үйлерінің тең жартысынан астамына күрделі жөндеу қажет немесе жаңасын салу керек. Өткен ғасырда тұрғызылған нысандар әбден ескіріп тозығы жеткен.

Атамекен ауылындағы мәдениет үйі 1962 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген нысанның төбесінен су өтіп, жылу жүйесі де істемейді. Күйі кеткен ғимаратты жеті жыл бойы ақысыз қараған Ерболат Жолдасбаев қазір де мекеменің отымен кіріп, күлімен шығып жүр.

Ерболат Жолдасбаев, Атамекен ауылдық мәдениет үйінің директоры:

- Мәдениет үйімізде жеті үйірме жұмыс істейді. Күн суық болғаннан кейін әкімшілікте мектепте жұмысымызды өткіземіз. Біз ғана емес, бүкіл халықтың тілеуі ғой. Мәдениет үйіміз қалыпқа келсе. жылу жүйесі жүргізілсе, үйірме жұмысымызды бұдан да жандандырып, халықтың бәрін басын қосып, мәдени шараларымызды осында өткізетін едік.

Панфилов ауданында 28 мәдениет үйі бар. Тәуелсіздік алғалы соның 12-сі бастан аяқ жөнделген. Жаскент ауылындағы ерекше архитектуралық ғимарат жақында ғана пайдалануға берілді. Жаңартылған өнер ордасында кітапхана, үйірмелер мен екі мәрте «Еңбек ері» Николай Головацкий атындағы музей жұмыс істейді.

Нұрқанат Жұмабеков, Н. Головацкий атындағы музей меңгерушісі:

- Николай Никитовичтің жеке киімдері, бұйымдары сағаттары, радио, телевизоры, басқа да заттары бар. Никитовичтен басқа үш «Еңбек ері» шыққан осы «Октябрьдің 40 жылдық» колхозынан. Сол кісілердің бюсттары бар. Өмір тарихындағы түскен суреттері қойылған. Сол суреттерді қайтадан жаңартып, реставрация жасап.

«Аймақтағы 16  мәдениет үйін жаңарту үшін бес жылдық жоспар жасалды. Соған сәйкес Атамекен ауылындағы және тағы басқа ғимараттардың құжаттамасы әзірленді», – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Қанат Досмаилов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- Үш мәдениет үйіне жобалау сметалық құжат жасалды. Үш ауылға блокты модульді кешен сұрап отырмыз. Егер қаржы бөлген жағдайда біз соны орнатуға тырысамыз.

Жетісу облысындағы 136 мәдениет үйінің 27-не күрделі жөндеу қажет деп танылған. Солардың жетеуі биыл қалпына келтіріліп, 10 елді мекенге жаңасы салынады. Сонымен қатар шалғайдағы шағын ауылдарда 17 блокты модульді кешен ашу жопарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын.