Астанада ел тарихына қатысты тың жәдігерлер қойылған ерекше көрме өтті

Онда соңғы жылдарда табылған археологиялық материалдар халық назарына ұсынылған, деп хабарлайды 24kz.

Іс-шараны Қазақстан тарихшылар конгресі, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты және Ұлттық музей бірлесіп ұйымдастырды.

«Қазақстан археологиясы: жаңа ашылымдар» деп аталатын көрмеде тас ғасырынан бастап Алтын орда дәуіріне дейінгі кезең толық қамтылған. Мұнда қойылған әр жәдігер өз дәуіріндегі тылсым тарихтан сыр шертеді. Мәселен, Тарбағатай ауданынан табылған алтын адамның киімінен бұрын белгісіз болып келген деректер анықталған.

Қалиолла Ахметжан, суретші, этнограф:

- Реконструкциядан мемлекеттік атрибуттардың бәрін көрцуге болады. Патшалық биліктің белгісі – тәж, ресми халат таққа отырғанда киетін, символдық оюлармен бейнеленген. Алтын белдік пен қару, бұл жерде қанжар, семсер сосын. Және де осындай тақ. Мемлекеттік атрибуттардың бәрі түркі заманында қалыптасып, өзінің формасын қабылдағанын көреміз. Яғни, қазіргі біздің мемлекеттік атрибуттарымыздың түп-тамыры осы заманнан келе жатыр деп айта аламыз.

Тағы бір ерекше кезең – Ғұн дәуірі. Еліміздің батыс өңірінде осы заманның ескерткіштері көптеп табылып жатыр. Солардың бірі – алтыннан құйылып, асыл тастармен көмкерілген қылыш. Бұл ғұндардың Ұлы көші ел аумағын басып өткені және жергілікті тайпалармен мәдени байланыста болғанын көрсетеді.

Әзілхан Тәжікеев, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты Астана қаласындағы филиалының директоры:

- Ерекше ескерткіш бұл Маңғыстау өңірінен келген жәдігерлер. Бұл Қарақабақ қалашығы мен Алтынқазған ескерткішінен табылған бұйымдар. Бұл жерде тағы айта кету керек. Бұған дейін ірі мұндай қалалардың Үстірт жерінен, оның ішінде Маңғыстау жерінен анықталмаған. Қазір Қарақабақ қаласы тіпті көне жазба деректерде, көне карталарда да сол қаланың болғандығы дәлелденіп отыр. Міне, осы жерде олар қай елдермен байланыста болды, қандай мәдениет қалдырды? Оны да көрсететін зат қойылып отыр.

Көрмеде түркі, қимақ, оғыз мәдениетіне, Алтын Орданың қалаларына қатысты жәдігерлер де бар. Сондай-ақ Қазақстанның далалық аймағындағы ортағасырлық қала мәдениеті мен керуен жолдарын, оның ішінде Жібек жолы ескерткіштерін бейнелейтін материалдар ұсынылған.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Жандос Битабаров