БҚО-да 25 кітапхана жаңартылады

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауылында толық жаңартылған кітапхана қайта ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Енді жұртшылық тек кітап алып қана қоймай, түрлі шараларға, үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Бұл «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңғыртылған алтыншы ғимарат. Ал жалпы облыс бойынша сәуір айына дейін 25 кітапхана модернизациядан өтеді.

Елдің назары жаппай гаджетке ауып, әлеуметтік желі сананы билеп тұрған заманда кітапханаларға өз жұмысын жаңаша ұйымдастыруға тура келеді. Кітапхана санаулы оқырманға емес, жалпы халыққа жұмыс істеп, рухани азық сыйлар орынға айналуы тиіс. Ауыл кітапханаларын жаңғыртудағы мақсат та осы. Орал өңіріндегі 25 кітапхананы модернизациялауға «Қазақстан халқына» қорынан 800 млн теңге бөлінсе, жергілікті әкімдік ғимараттарды жөндеп, жиһазбен қамтыды. Ал ішкі мазмұнымен  «Тана» қоғамдық қоры айналысты.

Камила Лұқпанова, «Тана» қоғамдық қорының өкілі:

- Кітапханалардың негізгі функциясын сақтай отырып, оны комьюнити орталыққа айналдырғымыз келеді. Сәйкесінше мұндағы қызметкерлер енді комьюнити менеджерлерге айналады. Оларға арнап ақпан айында базалық оқыту курстарын бастаймыз. Әнші, режиссер, сарапшыларды әкеліп, түрлі шеберлік сағаттарын өткіземіз. «Жаңа клуб» жобасы барлық жастағыларға арналған.

Жаңғыртылған кітапханалар заманауи технологиялармен, музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, тігін және қолөнер құралдарымен жабдықталды. Өлкетанушыларға, мүгедектігі барларға клубтар, балаларға үйірме-секциялар ашылған.

Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:

- Басты мақсат – жергілікті елді мекендерде, ауылдарда осындай кітапхана базасын пайдалана отырып, жаңа идеялар, жаңа ойлардың жүзеге асуына мүмкіндік туғызу, жас ұрпақты аға буын тәрбиелейтін орта қалыптастыру.

Күні бүгін Орал өңірінде жаңаша жаңғыртылған 6 кітапхана ашылса, сәуір айына дейін қалған 19 кітапхана ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов.