Жамбылдық жастар ауызсумен қамтамасыз етудегі шығындарды азайтпақ

Жамбылдық жастар «жасыл» технологияларды қоршаған ортаның тазалығын арттыруға қолданып, тың жобалар арқылы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етудегі шығындарды азайтпақ.

Өз жұмыстарын жас өнертапқыштар «ЕХРО-2017: болашақ технологиялар көпірі» тақырыбында өткен облыстық форум барысында таныстырды. Мәселен, күн мен жел энергиясын пайдалана отырып жылыжай өнеркәсібін дамытуға болады. Бұл жоба зертханада сыналып, студенттер емдік шөптер өсіру және ол өнімді өңдеуге болатындығын дәлелдеген. Сондай-ақ, су құбырларындағы энергияны пайдаланып, электр тоғын үнемдеу жобасы да жиналғандардың қызығушылығын тудырды. Ал Жуалы ауданынан келген оқушы күннен қуат алып, көше тазалайтын электромобильді ойлап тапқан.     

Еркебұлан Рахмаш, жас өнертапқыш:

- Бұл идея маған көшеде көптеген адамдардың жұмыс істеп жүргенінен келді. Бұның бір ерекшелігі, таза ауаны ластамайды. Және де өзінен алған қуатты өзіне жібереді. Көшелерді тазалауға көптеген мүмкіндік береді. Болашақта дөңгелектеріне қозғалтқыш орнатып, көбірек тоқ алуға және табиғатты аялауға көмектеседі.

Елдос Төлендиев, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Мектеп оқушылары келіп қатысып жатыр. Бір қуантарлығы, кішкентай ғана мектеп оқушылары өздерінің ғылыми ізденістері бар екендігін және соны дәлелдеп алдымызға әкеліп көрсетіп отыр. Жастарымыз көпшілікке үлгі болып, біздің еліміздің экономикасының дамуына үлкен үлесін қосады деген ойдамыз.