Гумбольдт университетінің қызметкерлері EXPO-дан алған әсерлерімен бөлісті

Биыл EXPO 2017 халықаралық көрмесін өткізген Астана шетелдік меймандарды өзіне баурап алғаны сөзсіз.

Халықаралық көрмені тамашалаумен қатар Қазақстанның тұрмыс-тіршілігі мәдениетімен танысу үшін Германиядағы Гумбольдт университетінің қызметкерлері келген еді. Сол меймандардың бірі Каролина Козиковска өзінің алған әсерімен бөлісті. Берлиннен келген қонақ бас шаһарымыздың көрікті жерлерін аралап, жаңа достар тапқан. Ал көрмеде баламалы энергетика саласындағы соңғы жетістіктерімен танысқанына қуанышты.

Каролина Козиковска, Гумбольдт университетінің еуропалық бағдарламалар жөніндегі жетекші маман: 

– Көз тартар сәулетімен баураған Астананы көру мен үшін тосынсый болды. Қаланың қолайлы жоспарланғанын, өзіндік өрнегі барын аңғардым. Жергілікті тұрғындары қонақжай екен. Жаны жайсаң астаналықтар әрдайым қол ұшын созуға дайын тұрады екен. Бар-жоғы бір-ақ апта болсам да, жаңа достар тауып үлгердім. Ал EXPO шарасы менің күткенімнен де асып түсті. Көрменің мәдени бағдарламасы мен ұйымдастыру жағы көңілімнен шықты. EXPO қалашығындағы ұлттық күндер аясында өткен концерттердің де куәсі болдым. Жалпы барлығы халықаралық жоғары деңгейге сай болды.