Нұр-Сұлтанда азаматтар сайлау учаcкелеріне белсенді барып жатыр. LIVE

Парламент және мәслихат депутаттарына дауыс беру шамамен 3 сағаттан кейін тоқтатылады. Азаматтарымыз сайлау учаскелеріне белсенді келіп жатыр. Біздің арнамыздың түсірілім тобы кәсіби техникалық колледжде орналасқан №22 учаскеге келіп, сайлау барысын тікелей эфирде баяндауға дайын.

Дариға Ташенова, тілші:

- Иә, біз тағы бір сайлау учаскесіне келіп жеттік. Мұнда да адам саны аз емес. Барлық санитарлық талаптар орындалып жатыр. Дауыс берушілер бюллетень алмас бұрын міндетті түрде қолын антисептикпен зарарсыздандыру керек. Осында отыратын сайлау комиссияларының мүшелері мен байқаушылар үшін шыныдан қорғандар жасалған.

Айта кетейік, бүгін осында жұмыс істеп жатқан барлық мамандар алдын ала ПТР тестілеуден өтті. Әрқайсысының қолында теріс нәтижелі анықтама қағазы бар. Қала бойынша мұндай тексеруден 5386 адам өтті және солардың арасынан 9 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Кейін олар емдеу орындарына жіберілді. Дауыс беру залында әр үш сағат сайын тазалық та жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ азаматтар ара қашықтық сақтап жүруі тиіс. БАҚ өкілдері үшін арнайы орын жасақталған. Журналистер дауыс берушілерге еш кедергі келтірмеуі тиіс. Ал денсаулығына байланысты себептермен сайлау учаскелеріне келе алмағандардың үйіне сайлау комиссияларының мүшелері өздері келе алады. Бірақ ол үшін алдын ала өтініш жіберу керек болды. Егер науқас коронавирус індетінен емделіп жатса, дауыс беру пәтердің ішінде емес, подъезде жүргізілуі мүмкін. Келетін комиссия мүшелері медицналық халат, маска, қолғап сынды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Айта кетейік, тіркелген жерінде уақытша жоқ адамдар мен шетелдегі отандастарымыз үшін қосымша сайлау учаскелері ұйымдастырылған.