БҚО-да республикалық маңызды жолдарда көк мұз сіресіп жатыр

БҚО-да республикалық маңызды жолдарда көк мұз сіресіп жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы республикалық маңыздағы трассалардың төрттен бірі көлік қозғалысына аса қауіпті. Себебі жолдарының беті тұтасқан көк мұз. Күн күрт жылынып, кейін бірден суытуы салдарынан жол бетінде мұз қатып, көктайғаққа айналған. Қысқы тазалау жұмыстары дер кезінде жүргізілмеуінен жол апаттары да жиіледі.

Александрдың мына секілді ауыр жүк көлігін тізгіндегеніне 20 жылдан асқан. Алыс жолда апталап, тіпті айлап жүретін кездері аз болмайды. Сондықтан, жол бойындағы оқыс оқиғалар мен күтпеген жағдайларға жиі куә болатыны рас. Тәжірибелі жүргізушіні қинайтын ең қауіпті кезең - қыс маусымы.

Айтуынша, егер жол талапқа сай тазаланбаса қарға адым жер жүру мұң болады. Соның кесірінен діттеген жерге кешігіп жетеді.    

Александр Цыбри, жүргізуші:

- Жолға құм мүлде шашылмаған. Көктайғақта қозғалу өте қорқынышты, себебі сәт сайын қауіппен бетпе-бет келесің. Сапар барысында жолдан түсіп кеткен, аударылып қалған көліктерді жиі көремін. Өйткені жолдың жағдайы өте нашар. Күніне 450-500 шақырым жүруім  керек, бірақ мынадай өгіз аяңмен ондай шақырымды өткеру мүмкін емес.

Көктайғақта қозғалу жеңіл көліктерге де оңай емес. Тек соңғы тәулікте «Орал-Атырау» тас жолында бірнеше жол-көлік апаты тіркелді. Салдарынан 6 адам зардап шекті. Ал, аударылған жүк көлігінің жолаушысы жедел-жәрдем жеткенше көз жұмды. Жалпы, жыл басынан бері облыс жолдарында 10 жол-көлік апаты болып, 5 адам қайтыс болған.  

Николай Лукинец, жүргізуші: 

– Жолдың жағдайы сын көтермейді. Ештеңе төсеп жатқанын көрмедім, аптасына бір рет қана тазартқандай болады. Бірақ, одан еш пайда жоқ екенін көріп тұрмыз. Күн сайын жолға жанымызды шүберекке түйіп шығамыз. Өйткені жолдың беті көк мұз, сәл қателік жіберсең кеттің де бардың.

Мерхат Әженов, БҚО ПД ЖПҚ бастығы:

– Қазір көлік қозғалысына ең қауіпті кезең, жол үстіндегі көктайғақ салдарынан жол-көлік апаттары жиі болып тұрады. Сондықтан жүргізушілер жолдағы бұрылыстар кезінде аса сақ болғаны жөн. Жуырда ғана екі көліктің бетпе бет соқтығысуы салдарынан 4 адам жараланып, 1 адам көз жұмды.   

Облыс аумағындағы республикалық маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы 1414  шақырым. Жол сапасына жауапты мекемелерге бірнеше рет хат жолданды. Бірақ нәтиже шамалы дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының мамандары.

Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының инженері

- Жолда анықталған ақаулықтар бойынша Қазавтожол мекемелеріне жою мақсатында хат жолданды. Осы кезге дейін бізде 15 рет шығып бақылау жұмыстары жүргізілсе, 5 хат жолданды ресми түрде. Өз уақытында қар аршымау жұмыстары классификациясы қар аршу жұмыстарына сәйкес келмей жатыр. Көктайғаққа пайдаланылатын материалдар уақтылы шашылмайды. Қар аршу жұмыстары жол жиектеріндегі кешеуілдетіп жүргізілуде.  

Ал осы мәселеге тікелей жауапты ұлттық компания филиалы басшыларының айтуынша, жолды күтіп ұстауға қажетті техниканың тек 60 проценті ғана трассаларды тазалап жүр. Яғни техника жеткіліксіз.

Елдар Садық, «Қазавтожол» АҚ ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Сол себептен басқа  мекемлерден 14 техника жалға алынды. Бұл 8 КДМ, 3 автогрейдер, 3 погрузчик жалданды. Сонымен қатар «Ақтөбе-Орал» тас жолына құмды тұзды қоспаны себу үшін тағы бір КДМ тартылды. Бүгінгі таңда БҚО-да 75 процент жол ашық. Қалған 25 пайызда жұмыстар жүргізілуде.  

Былтыр аймақтағы республикалық маңызға ие жолдарды жыл бойы күтіп-ұстауға 1 миллиард жарым теңге жұмсалған. Биылға қажетті қаражат көлемі 2 миллиард теңгеден асады. Алайда әзірге қаржы бөлінбеген. Қыс маусымы басталғалы көктайғаққа қарсы себілетін материалдардың тең жартысы жұмсалған.   

Ботагөз Базарбаева, Болат Жарылгасов, Канат Махумутов