Жетісу мақтанышы Әбдуәли Тастанов жасөспірімдерді тегін жаттықтырады
Қол күрестен ардагерлер арасындағы әлемнің үш дүркін чемпионы Әбдуәли Тастанов спортқа жаны құмар жеткіншектерді тегін жаттықтырып жүр.
Оның бапкерлікке берілгені сонша ерекше күтімдегі шәкіртін спортзалға арқалап кіргізеді. Алпыстың асқарына шыққан спорт ардагерінің өзі де аптасына төрт күн ауыр темірлерді көтеріп, дайындық жасайды.
Әбдуәли Тастанов Бүркітбек Мұхамед есімді шәкіртін жаттығуға келген сайын кіреберістен күтіп алып, екінші қабаттағы спортзалға көтеріп апарады. Ұстаздың ерекше күтімдегі баланы қол күреске баулығанына бес жылдан асты. Қиындықтан қаймықпайтын жігерлі жан бапкер үмітін ақтап байрақты бәсекелерде топ жарып жүр.
Бүркітбек Мұхамед, қол күрестен Азия чемпионатының жүлдегері:
-Мен Азияда екі рет қола жүлдегер, бір рет күміс жүлдегер болдым. Қазақстанда үш рет күміс жүлдегер, бір рет алтынға ие болып отырмын. Бірінші Алланың, екінші ағайымның арқасы, осы спорт маған қатты ұнайды.
Әбдуәли Тастанов 32 келілік гір тасын бір саусақпен көтеріп, еліміздің рекордтар кітабына енген. Құрыш білекті спортшыдан тәлім алу үшін кешенге оншақты оқушы келеді. Олар бұлшықетті дамытатын жаттығулармен қатар қол күрес техникасын үйренеді.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
-Қол күресте жеңіске жету үшін кең тараған үш тәсіл бар. Біріншісі - жоғары тарту, екіншісі - білекті майыстыру, үшіншісі тіке басу және оған қарсы әдістер қолданылады. Әбдуәли Тастанов ағамыз қазір осының барлығын пысықтап, Азия құрылықтық бәсекесіне дайындалып жатыр.
Ардагерлер арасында Азияның 12 мәрте жеңімпазы, әлемнің үш дүркін чемпионы жарысқа демеушілер есебінен не өз қаражатына баруға мәжбүр. «Себебі қаржыландыру тоқтатылған», - дейді. Соған қарамастан, ол жарыстардан қалыс қалып көрген емес.
Әбдуәли Тастанов, қол күрестен әлемнің үш дүркін жеңімпазы:
-Европада, Америкада бізден де үлкендері спортты серік етіп, әлем чемпионатында көріп жүрміз. 80-90-ға келгендері бар. 94 жасында гір көтерген латыш бар. Біз қазақ қай жеріміз кем. Сонымен спорттан қол үзгім келмейді. Қанша үзбей жаттығасың, өзімді тексергім келеді. Екіншіден, Мемлекеттік Әнұранын шырқатып, Туын көтергім келеді. Қазақстанның көк байрағы ылғи көкте желбіреп тұрсын деп ылғи айтамыз. Сол желбірете бергіміз келеді.
Дүние жүзіндегі қол күрес өнерінің кіл мықты ардагер спортшылары күзде Молдавияға жиналады. Әбдуәли Тастанов сол байрақты бәсекеде топ жарып, төрт дүркін әлем чемпионы атануды мақсат етіп отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев