ӘМСҚ салымшыларына тегін вакцина салына ма?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру тарапынан азаматтардың тегін вакцина алуына қаржы бөліне ме?

Бұл сұраққа бүгін құзырлы мекеме басшылығы жауап берді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры былтыр 187 млрд теңгені пандемиямен күреске жұмсады. Жиналған қаражат медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеуге, провизорлық және стационарлық орындарды құрал-жабдықпен қамтуға бағытталды. Халықты ПТР-сараптамадан өткізуге де септігі тиген. Бюджеттің бір бөлігі қор қызметкерлеріне жалақы төлеуге жұмсалады, оның көлемі былтыр 6 млрд теңгеден асты.

Болат Төкежанов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Бізде осы 2020 жылы қорда істейтін адамдар 890 адам осы еңбекақы қоры бойынша 6,3 млрд теңге жөнелтілді. Орталық аппарат пен өңірдегі жұмыс істейтін кісілерге.

Сақтандыру қорының биылғы жоспары қандай? Халықты тегін вакциналауға қаржы қарала ма? Құзырлы мекеме басшысы қоғамды алаңдатқан сауалға мардымды жауап бере алмады. Тегін екпе тек тәуекел тобына жататындарға егілетін көрінеді.

Болат Төкежанов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл сұрақпен Денсаулық сақтау министрлігі айналысады. Онда арнайы комитет бар. Вакциналау кезең-кезеңімен жүргізілетіні айтылды. Сіздердің сұраққа министрлік жауап беруі тиіс деп ойлаймын.

Елде жаппай вакциналау 1 ақпанда басталады. Қорға бірнеше жылдан бері қаржы құйып келгендердің жайы белгісіз. Салымшылардың тегін екпеге иек артуы екіталай. Көпшілік күткен тіс еміне қатысты мәселе де толық шешімін тапқан жоқ.

Ләззат Шоманова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ департамент директоры:

- Стоматология тарапынан бұл МӘМС жүйесінде кеңейтілді. Өзінің бір санаты бар кісілер, балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, биыл көп балалы аналар да қосылды. Көмектің санаты кеңейтілді. Тағы да мәселелер бар. Тізімін үлкейтіп, кеңейтетін жоспарлар бар.

Сақтандыру қорындағы қаражат жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бизнестің төлем қабілеттілігі азайса да, салымшылар саны көбейген. Қазір сақтандыру жүйесіне қатысушылар 16 млн-ға жуықтады.

Авторы: Рауан Мыңбаев