Қарағандылық дәрігерлер: Коронавирустың жаңа сипаттары байқала бастады

Соңғы уақытта коронавирустық инфекцияның алғашқы толқынында болмаған сипаттары байқала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, адамда індеттің еш белгілері болмаса да, өкпе аз уақытта қабынып кетеді. Қарағанды облысының дәрігерлері қазір осындай жағдайға жиі куә болып жүргендерін айтады.

Мамандар қазіргі коронавирустық инфекцияның бұрын-соңды болмаған сипаттарын тізіп тұрып айтып бере алады. Бұрын ковидтің негізгі белгілері дене температурасы көтеріліп, жөтел қысып, демікпе арқылы білінетін. Қазір иіс пен дәм сезбей қалу жиі кездеседі. Осыған қарамастан адам өзін жақсы сезінеді.

Видади Жамаледдинов, жұқпалы аурулар госпиталінің меңгерушісі:

- Науқас келгенде ешқандай шағымы болмайды. Тек КТ-ға түскенде өкпесінің зақымдануы 10-15% екенін көреміз. Келесі күні науқастың жағдайы күрт нашарлайды. Қайталанған КТ өкпе қабынуы 70-90%-ке жеткізгенін көрсетеді. Сонда да ентігу деген болмайды.

Осының салдарынан көптеген науқастар уақыт өткізіп алатын көрінеді. Дәл осы госпитальда қазір екі науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 100 адамға арналған орынның тең жартысында науқастар ем қабылдап жатыр.

Раушан Смағұлова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Біз Алматы қаласына демалуға бардық. Індетті сол жақтан жұқтырдық. Осында келгелі реанимацияға жатқызды да, жедел көмек көрсетті. Алдымен күйеуім ауырған. Өкпесі 85%-ке қабыныпты. Көптеген антибиотиктер қабылдадық. Қазір жағдайымыз жақсарып қалды.

Еске салсақ, Қарағанды облысы «сары» аймақтар тізіміне енгізілді. Бүгінде 400 адам госпитальдарда ем қабылдап жатыр. Пандемия басталғалы бері ауру жұқтырғандар саны 13 мың адамға жуықтаған. Жалпы төсек-орын қоры 9,5%-ке толып тұр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев