Жамбыл облысында жаппай вакциналау басталды

Бүгін өңірге ресейлік «Спутник V» екпесінің 1 мың дозасы жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші кезекте инфекциялық аурухана қызметкерлері, жедел жәрдем, жалпы медицина саласының қызметкерлері мен санэпидқызметтің мамандарына салынып жатыр. Вакциналау өңірдегі он аудан мен облыс орталығындағы 9 емханада бір мезетте басталды. Аймақта 600 мыңға жуық адамға екпе салынады. Ал ресейлік препарат 5 мың адамға салынады.

Айта кету керек, вакцина 18 бен 64 жас аралығындағы азаматтарға ерікті түрде егіледі. Оны алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы салғызды.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Екпе алынды. Мен жағдайымның нашарлап не болмаса басқа әсер байқаған жоқпын. Жамбыл облысының тұрғындары вакцина алуға келісім беріп, осы жұмыс нақты жүреді деген сенімдеміз. Облыс бойынша 20 екпе бөлмесі даярланды. Келген мың вакцинаның осы бөлмелерде жасауға біздің толық мүмкіншілігіміз бар. Егер одан көбірек келсе, онда ауылдық жерлерге барып, мобильді бригадалар дайындалған.