Ақтөбе облысындағы аудандарда вакциналау наурызда басталады

Ақтөбеде вакциналау басталғалы 300-ге жуық адам екпе алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал аудандарда бұл шара наурыздан бастап жүрмек. Қазір медицина ұйымдары қызу дайындыққа кірісіп, бірінші кезекте қамтылуы тиіс тұрғындардың тізімін жасақтап жатыр.

Ал Алға қаласындағы аурухана вакцинаны сақтау мен тасымалдауға қажетті терможабдықты күтіп отыр.

Бұл Алға аудандық ауруханасындағы қауіпті індетке қарсы екпе салу үшін арнайы жасақталған бөлме. Ішіне жөндеу жүргізіліп, төсеніш тастарына да дейін жаңартылған. Енді бірер күнде қажетті құрылғылар орнатылып, қызметкерлер жайғаспақ. Ал вакцина салынған адамның кейін жарты сағат тынығып, дәрігердің бақылауында болатын бөлмесі дайын. Бұдан бөлек, мұнда тағы бірін жасақтау жоспарланып отыр. Ол екінші қайтара екпе алуға арналмақ. Ал вакцинаның өзі алдағы апталарда жеткізіледі

Амет Набиев, эпидемиолог-дәрігер:

Бұл вакцина минус 18 градус және одан төмен дәрежеде сақталуы керек. Ол үшін бұрынғы біздің медицина ұйымдарындағы мұздатқыштар жеткіліксіз. Бұл үшін біз қазір мемлекеттік сатып алу тендеріне қойдық. Бір мұздатқыш, екі термобокс. Тендер ойналды.

Аудан бойынша он мыңнан астам адам бірінші кезекте егілуі тиіс. Тек эпидемияға қарсы шараларға қатысатын медицина қызметкерлерінің саны 300-ден асады. Одан кейін полиция, балабақша, мемлекеттік мекеме өкілдері мен студенттер және созылмалы ауруға шалдыққан жандар бар. Бұдан өзге, өз еркімен екпе алатын және шалғайдағы ауыл тұрғындарына да жағдай жасау қарастырылып жатыр.  

Ақмарал Ешекенова, Алға аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Бұл сұрақ әлі шешілу барысында. Өйткені ол алыс жерден болса, біздің Алға аудандық ауруханасында 8 дәрігерлік амбулатория бар. Оның ішінде алыс орналасқан ауылдық жерлерде бар. Оған  мүмкіншілік бойынша арнайы бригадамен шығу жұмыстары болатын шығар.

Өлкеде коронавирусқа қатысты жағдай өткен жылдың маусымынан бері ушыққан емес. Бірақ биылдың өзінде індетке шалдыққан 8 адам тіркелсе, тағы 10-ы пневмонияға шалдыққан. Қаладағы инфекциялық стационарда 4 тұрғын ем қабылдауда. Сондықтан да дәрігерлер көпшілік арасында екпе жұмыстарына қатысты дұрыс түсінік қалыптасуы керектігін айтады.   

Зинеш Серғалиева, Алға ауданының тұрғыны:

– Иә, аламыз. Өзің үшін аласың ғой. Денсаулығың үшін. Бәрі де алып жатыр, амал жоқ аламыз. Ауырған жоқпын, жақсымыз. Өзімізді-өзіміз қорғаймыз, маска тастамаймыз, қолымызды жуамыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сүйенсек, аудандарда вакциналау жұмысы келер айда басталады. Қазір ауруханаларда жүріп жатқан дайындық шаралары бақылауға алынған. Ал өңірге жеткізілген вакцинаның алғашқы мың дозасы әзірге қаладағы сегіз емханаға бөлінген. Күніне 70-80 адам екпе алып жатыр.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев