Қаратөбе елді мекеніндегі жайылымдық жер жекенің қолына өткен

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе елді мекенінің халқы мал басын көбейте алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жайылымдық жердің болмауы себеп. Бір кездері осы ауылға тиесілі болған 187 гектар жер 1995 жылдан бері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.

Мұны осы елді мекенге жауапты Кемеқалған ауылдық округі әкімдігінің мамандары да растады. Қазір тұрғындар жер тапшы болған соң қолдағы азын-аулақ үй жануарын аулада қамап ұстап отыр. Осы мәселе бойынша тараптарды тілшіміз Нұрбек Байбосын тыңдап қайтты. 

Блиц:                                                                                    

- 4 қорада 3 мыңға жуық колхоздың малы осы жерде беймарал жататын. 250-300-дей жылқы болатын. Сол беймарал жататын жайылымнан айырылдық.

Бұл осы елді мекенде 7-8 жыл малшы болып істеген Нұржан Құрманбаевтың жанайқайы. Қаратөбе ауылының тұрғыны не себепті 187 гектар жердің халықтың емес, қалталылардың игілігінде екеніне түсінбей дал. Жердің иесі тұрғындарға малдарын бағуға рұқсат жоқ екенін талай рет ескерткен.

Нұржан Құрманбаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Қазір мына асфальттың арғы шетіне шыға алмаймыз біз. Шықсақ қуады былай қарай. Біздің жер дейді. Жай ма дейді. Керек болса қоршап қоямын дейді. Сонда мына қара халық қайтып күн көреді? Бұл жерде малда көп емес қазір. 3-4-тен ғана. Соның айран сүтін сатып күн көріп отырған ел мынау.

Әлімбай Әміреқұлов, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Ауылда жайылым мәселесі өте қиын болып жатыр. Жерсіз қалдық. Мынау жолдың арғы бетіндегі жерді Қазығұрт ауданына өткізіп жіберген. 187 гектар жерімізден айырылып отырмыз. Ауылда жұмыс жоқ қой. Кішкене ғана медпунктіміз бен мектебіміз ғана бар. Ол жерде санаулы адам жұмыс істейді. Қалғандары осы малмен бала-шағаны өсіріп отыр.

Шынында да шағын ауылда малдан басқа күнкөріс көзі жоқ. Жұмыс болмаған соң жастар жағы қалаға барып жан бағып жүр. Ал мал басын көбейтуге жайылым жер болмаған соң жұрт та құлықсыз.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Қаратөбеде жайылымдық жер болмаған соң тұрғындар малдарын аулада ұстауға мәжбүр. Себебі ауылда үй жануарларын бағатын жер тапшы. Сол себепті елді мекенде мал басы азайып келеді. Мұндай мәселе Төлеби өңірінде бірнеше елді мекенде бар.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, жердің жайын айтып шулаған тұрғындарға ауыл әкімдігінен мамандар келіп төбе көрсетті. Жайылымдық жердің жекенікі екенін ашып айтты.

Нұржан Құрманбаев, Кемеқалған ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- 1995 жылы Қасқырбай деген кісіге жекеменшікке беріліп кеткен бұл жер. 187 гектар. Ол мәселе бойынша жердің егесімен де кездесу өткіздік. Жерін бермеймін десе, біз оны қайтып аламыз?

Халық қазір мемлекеттен егістік пен шабындық үшін 10 гектардан астам жерін 49 жылға жалға алып, күнелтіп отыр. Оларды 187 гектардың жекеменшікке өтіп кеткені таңқалдырады.

Ауыл тұрғыны әкімдік маманынан сұрақ қойып, жауап алуда:

- Бұл жер 49 жылға арендаға берілді ме әлде жекеменшікке берілді ме?

- Жекеменшікке алып қойған оны.

- Біздің ауылда осы 100 үйдің бойында әрқайсысында 9 гектар, ары кетсе 15 гектар адам басында жер бар. Олардың барлығы 49 жыл арендада. Мынау 187 гектарды қай-қайдағы біреу біздің ауылға қатысы жоқ адам жекеменшікке алып қойғаны қызық.

- Міне, 1995 жылы Қасқырбайдың атына алып қойған. Ол кісі өмірден өтіп кеткен. Сөйткенде ол мұрагерлікпен өтіп кеткен. Мына Қасқырбайдың атынан мұраға өткеннен кейін ол жекеменшігіне сатып алған. Ол сізге ұқсап арендадамын деп жата бермеген ұйықтап. Жекеменшігіне сатып алып қойған. Қасқырбайдан соң жер қызына өткен. Қызы жекеменшікке сатып алып, одан кейін сатып жіберген.

Қолдан қолға өткен жердің қазіргі қожайыны кім? Оны әзірге әкімдіктегілер анықтай алмапты. Ал тұрғындар жайылымдық жер болмаса, әрі қарайғы күніміз не болады деп алаңдаулы. Сұрақ көп, алайда жергілікті биліктен халыққа пайдасы тиер нақты жауап жоқ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов