Павлодардағы ауруханаларда триаж жүйесі іске қосылды

Ертіс өңірінің ауруханаларында триаж жүйесі іске қосылды. Енді науқастар ауруға шалдығу деңгейіне қарай іріктеліп, медициналық мекемелерде нақты диагноз бойынша ем қабылдайды. Жоспар бойынша облыста алдағы екі жылда алты медициналық ұйымның қабылдау бөлімшесі кеңейтіліп, заманауи құралдармен жабдықталады. 

Бұл Павлодар қалалық №1 аурухананың жаңа бөлімшесі. Көпсалалы стационар тәулігіне 200-ге жуық адам қабылдай алады. Жетпіс жастағы Жақила Алашбаеваның қан қысымы көтеріліп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Тиісті сараптамаларын да тапсырып үлгерді.

Жақила Алашбаева, емделуші:

- Бәрі жақсы. Тексеріп жатыр. Ұнап жатыр, иә, бәрі жақсы. Әйтеуір бәрі жүгіріп алдымнан шығып.

Ауруханаға шұғыл түскен науқастарды тіркеу және іріктеу. Триаж жүйе бойынша жұмыс істейтін бөлімшеде бұл үрдістердің барлығы санаулы минутта атқарылуы тиіс.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Пациент стационарға түскен бойда оның денсаулық жағдайына байланысты осындай үш түсті білезік беріледі. Кейін оны қарау мақсатында осы диагностикалық бөлімшеге бағытталады. Мамандар бұл жерде толыққанды тексеру жүргізеді. Сонымен қатар, бірнеше сараптама тапсырылады. Мамандардың айтуынша, бірінші кезекте басымдық ПТР сараптамаға беріледі. Бір тәулік ішінде оның нәтижесі белгілі болғанша, олар ем қабылдайды. Егер апциенттің жағдайы нашарлап, операциялық көмек керек болса, осындай төрт бірдей бөлімше қарастырылған.

Бөлімшенің жұмысы триаж-іріктеуге негізделген. Науқастардың жағдайы жеңіл, орташа және ауыр деп бөлінеді. Диагноз нақтыланған соң, өзге медициналық мекемелерге жатқызылады

Нұрлан Жұмажанов, №1 Павлодар қалалық ауруханасының бас дәрігері:

- Стационардың құрылысына бөлінген қаражаттың басым бөлігі технологиялық жабдықтауға жұмсалды. Медициналық құралдардың 111 түрі сатып алынды. Мәселен, көшпелі рентген кешені мен УДЗ,  жасанды демалу апараттарымыз бар. Таза ғимараттар кешені жабдықталды. Төрт операциялық және рентген бөлімі бар. Ал жансақтау бөлімі 18 орынға арналған.

Келешекте аймақтағы ауруханалардың барлығы заманауи триаж-жүйемен қамтылмақ. Қазіргі уақытта жобалық құжаты  әзірленіп жатыр.

Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жаңа мекемелердің құрылысы барысында триаж жүйе міндетті түрде ескеріледі. Мәселен, қолданыстағы үшінші аурухана бойынша арнайы жоба жүзеге асырылады. Яғни қабылдау бөлімі жетілдіріледі. Облыстағы стационарлардың барлығы жаңашыл жүйе бойынша жұмыс істеуі тиіс. Осылайша медициналық көмектің сапасы артып, инфекциялық аурулардың таралуын алдын аламыз.

Биыл жаңа облыстық аурухананың құрылысы басталмақ. 500 орындық медициналық мекеме «Достық» шағын ауданында бой көтермек. Осылайша ғимараты ескірген бұрынғы аурухана жаңа нысанға көшірілетін болады.

Авторлар: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков