419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызының вагондары қашан жаңартылады?

  • 85
  • UPD: 21:02, 23.02.2021

Бұл мәселе тұрғындардан бөлек жолсеріктерді де алаңдатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезінде «Жолаушылар тасымалы» мекемесіне тиесілі болған вагондар қазір басқа компанияның меншігінде. Жолсеріктер күнделікті рейсте сапасы нашар көмір жағып, әбден ескірген вагондарды зорға жылытамыз дейді.

Маңғыстау-Ақтөбе жолаушылар пойызы вагондарының қазіргі күйі осындай. Қабырғаларын дат басып, едені шіріген әжетхана. Қол жуғышты ұстауға адамның дәті бармайды. Жолаушылардың наразы сөздерін күнде естуден шаршаған жолсеріктер вагондар ішін таза ұстауға барын салып жүр. Айтуларынша, мәселені шешу үшін теміржол құрамын жаңалау қажет. 

Бауыржан Сүйінов, жолсерік:

– Қазіргі басшымыз, учаске бастығы Кәрімжанов Талғатқа айтсақ, бізбен тіпті сөйлеспейді де. Адам есебіне де алмайды. Бір сөз айтсақ, жұмыстан қуыласың дейді. Біз жолаушыларды аман-есен апарамыз. Көміріміз жоқ, өзіміз тасимыз.

Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылынан Ақтөбеге және кері бағытта үш жолаушылар пойызы жүреді. Әр құрам 11 вагоннан тұрады. Барлығын қоса алғанда 120 жолсерік жұмыс істейді. Олардың басын ауыртқан тағы бір жайт – ескі вагондардағы жылыту қазандықтары сын көтермейді. Кейбір вагондағы от жанып тұрған қазандық астынан жер көрінеді. Алмағайып ұшқан шоқ тұтанса, қауіп төнеді. Ал жағуға берілген көмір тым ұсақ, нашар жанады дейді олар. Қарсы уәж айтса, басшылық жұмыстан шығасың деп айтатын көрінеді. 

Әлімбек Берекетов, жолсерік:

– От жанып тұрған жердің тесігінен сырттағы жол көрінеді. Сондай нашар вагондар, халыққа ешқандай жағдай жасалмаған. Көмір жағдайына келсек, біз оны қазып аламыз астынан. Трактордың үстімен әкеледі, жолда салқын. Амал жоқ, өзіміз тасимыз.

Даулы сұрақтарға жауап іздеп, жолаушылар вагондары тиесілі жеке компанияға жүгіндік. Директор кеңесшісінің мәлімдеуінше, жолсеріктер мен учаске басшылары арасындағы түсініспеушіліктер жұмыс арасында шешіледі. Ал оларды жаппай жұмыстан шығару туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Салтанат Сыздықова, компания директорының экономикалық сұрақтар жөніндегі кеңесшісі:

– Жолсеріктердің ешқайсын да жұмыстан шығармаймыз. Мұндай жалған ақпар бұған дейін де ұжым арасында бірнеше рет таралды. Көмір мәселесі бойынша мәселе бір аптада шешілуі тиіс. Вагондарды көмірмен жабдықтаушы серіктестікке сапасыз отын жайлы ескерту берілді. Біздің компания жолаушылар тасымалы саласында 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен 11 вагон сатып алынды. Қалғанын жаңалауға субсидия қажет. Таяуда министрлік жеке тасымалдаушылар үшін төмен пайызбен қаржыландыру бағдарламасы іске қосылуы мүмкін екенін жариялады. Бұл жобаға біз де қатысамыз деп ойлаймын.

Бір түсінгеніміз, компания басшылығы әр бес жылда вагон паркінің 15 процентін жаңалауды күн тәртібіне қойған. Егер де индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлгіндей жобаны жүзеге асырса, ескі вагондар мерзімінен бұрын ауыстырылуы мүмкін.  

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы