СҚО-да боранда жоғалған бес адам табылды

Солтүстік Қазақстан облысында ақ түтек боранда адасып кеткен 5 адам аман-есен табылды. Өткен тәулікте төтенше жағдайлар қызметі  қар құрсауында қалып қойған 150-ден астам азаматты құтқарып, 60-қа жуық көлікті қауіпсіз жерге шығарды. Республикалық маңызы бар жолдардың 10 учаскесі ашылды.

Бет қаратпайтын ақпанның ақ түтек боранында жылқы мініп шығып кеткен мына 2003 жылғы азамат абырой болғанда әкесімен қауышты. Құтқарушылар адасқан жігітті түнгі сағат екі кезінде Явленка ауылынан 4 шақырымдай жерден тапты. Кешеден бері дабылды ескерту жарияланбады емес жарияланды. Алайда оны ескермегендер көп.

Мінеки кешегі боран масқара болды. Үйдің  бүкіл әйнектерін қар басты. Ауланың ішін масқара алып қалды. Қораларды бәрін қар басып, тазалап жатырмыз таңатқалы. 

Тек өткен тәулікте 112 телефонына үш жарым мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Жедел штаб құрылып, мамандар олардың барлығына көмек көрсетуге тырысты. Боран салдарынан 9 аудандағы 18 елді мекен жарықсыз қалды. Бұл төрт мыңнан астам абонент электр қуатынан ажырады деген сөз.  

Мұрат Қанғожинов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары

- Жолдар жабық. Ал бұл ауылдарға қазір жетудің өзі  қиын болып тұр. Дегенмен бригадалар кеше үш елді мекенде жұмысқа кірісіп, жарық берілді. Қалғандарында аталған шаруалар басталып жатыр.  

Ауыл былай тұрсын, Петропавлдың өзінде қазір ақ қармен арпалыс қызу. Қалың қарды күреп, әлек болғандар жетерлік. Тазаланбаған көлік жолдары, аршылмаған тратуарлар тұрғындардың жүріп тұруына әбден кедергі келтірді. Бұл аздай көлік қозғалысы да қиындады. 

БЛИЦ: 

Кирилл Семыкин, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Күн көңілді басталды. Жұмысқа әрең дегенде жеттік. Қазір аумағымызды қардан аршып үлгермей жатырмыз. Мұндай боран соңғы рет қашан болғаны есімде  жоқ.

Сергей Кочетков, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Қар көп. Техника үлгірмей жатыр. Бірақ алдағы уақытта жағдай тұрақталады деп сенемін.   

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Қазір қалада да қарбалас. Коммуналдық қызметшілер де қаланы қардан тазалап үлгермей жатыр. Тротуарларды да ақ ұлпа басып қалған. Мінеки өздеріңіз көріп тұрғандай, жаяу жүргіншілерге де оңай соқпауда. 

Жалпы соңғы тәулікте облыста қардың бір айлық мөлшері түскен. Боран әлі де басылар емес. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 30 метрге дейін жетеді. 

Авторлар: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев