Ақ халатты абзал жан: Таңымыз нәрестелердің өмірімен арпалысумен басталады

Ақ халатты абзал жан: Таңымыз нәрестелердің өмірімен арпалысумен басталады

Дүниежүзін дүрліктірген індет ең әуелі дәрігерлерге ауыр салмақ түсірді.

Адамның шыбын жаны үшін шырылдап, күн-түн демей, үйін көрмей жұмыс істеген ақ халатты абзал жандарға алғыс айту артық етпейді. Бұл мамандықта өз ісінің нағыз шеберлері бар. Алғыс айту күнінде адал қызметті атқарып жүрген дәрігермен «Хабар 24» тілшісі Гүлзия Нақыпқызы тілдесіп қайтты.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Педиатр Жазира Әскербекқызы балалар ауруханасында 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол өзін көп балалы анамын деп санайды. Себебі жаңа туған нәрестелер дәрігердің көмегімен түрлі аурудан айыққан. Балалар патологиясы бөлімшесінен айына 270-ке жуық сәби емделіп шығады. Бұл сәт ақ халатты абзал жан үшін жеңіспен пара-пар.

Жазира Әскербекқызы, жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Күнделікті нәрестелермен жұмыс істегеннен кейін таңымыз нәрестелердің өмірімен арпалысумен басталады. Осы уақытқа дейін қиындықтар да болды. Балаларды алып қаламыз, арашалаймыз деп. Қолымыздан келгеннің бәрін істеуге тырысқан кездер де болды. Кейде шарасыз болған күніміз де болды.

Иә, сәби деген сыздаған жерін көрсетіп, ауырған жерін айта алмайды. «Сондықтан бұл абыройлы қызметте дәрігердің түйсігі мықты болу керек», - дейді маман. Бүгінде бөлімге шала туған нәрестелер көп түсіп жатыр. Себебі аналары коронавирус жұқтырған. Сондықтан баланы ерте босану жиіледі. Дегенмен, Жазира Әскербекқызы өз ұжымымен бұл сынақтан сүрінбей өтіп келеді.

Жазира Әскербекқызы, жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Біздің нәрестелер патологиясы бөлімшесінде физиологиялық сарғаю, өкпесінің қабынуы, сосын гипоксия деп айтамыз нәрестелердің, шала туған нәрестелер көп түседі бізге. Жаңа туған нәрестелер көп түседі. Яғни алғашқы жеті күндігінде өте көп түседі.

Жазира Әскербекқызына алғыс айтып келетін ата-ана көп. «Бір айлық кезінде емдеп жіберген нәрестені 4-5 жасқа келгенде көру – қызметімнің ең абыройлы тұсы», - дейді дәрігер. Көп аналар әлі күнге өзіне хабарласып, кеңес сұрап, алғыс жаудырады екен.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Сұлтанғазы