Пандемия уақытында дәрігерлерге 116 млрд теңге көлемінде үстемеақы төленген

Денсаулық сақтау саласы мамандарының жалақысы екі жарым есе өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы үш жылға белгіленген меже осы. Биылдың өзінде бұл мақсатқа 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Тек дәрігерлер ғана емес, медициналық ұйымдарда істейтін барлық қызметкердің айлығы көтеріледі. Бұл туралы бүгін Алексей Цой ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты.

Қуанышты хабарды алқа отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жеткізді. Оның айтуынша, алдағы 3 жылда ақ халаттылардың жалақысы екі жарым есе өседі. Демек, 247 мыңнан астам маманның індет кезіндегі төккен тері ақталып, жұмысына лайықты ақы төленбек. Бұған дейін мемлекет қамқорлығын тек дәрігерлер сезініп келді. Енді медициналық ұйымдарда істейтін барлық қызметкер қол жеткізеді дейді ведомство басшысы.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Биыл дәрігердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгеге дейін көтеріледі. 2023 жылға қарай 561 мың теңге болады. Ал орта буын қызметкерлерінің орташа жалақысы биыл 173 мың теңге көлемінде болса, 2023 жылы оны 210 мың теңгеге жеткізу көзделген.

Дәрігерлердің әл-ауқатын көтеру – Мемлекет басшысының бақылауында тұрған мәселе. Биылдың өзінде сала мамандарының жалақысын 30 процентке өсіру көзделген. Індет белең алып тұрған бүгінгідей уақытта демеудің қай түрінің де артығы жоқ. Елдің бас дәрігері қиын кездегі еңбегі үшін ақ халаттыларға жиыны 116 млрд теңге көлемінде үстемеақы төленгенін жеткізді.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Биыл елімізде биологиялық қауіпсіздік туралы заң әзірленеді. Халықтың денсаулығын бақылау, талдау және болжау жүйесін дамыту үшін 38 нормативтік құқықтық актіге түзету енгізу көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстарды есепке ала отырып, 2025 жылға дейін салаға қазынадан қосымша 55 млрд теңге бөлінеді. Қомақты сома медициналық қызметтерді цифрландыруға жұмсалады.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – медициналық қызмет сапасына қатысты. Былтырдан бастап қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық көмек жүйесіне көшті. Алайда оған бұқараның көңілі тола бермейді. Мұны жауапты органдар да растап отыр. Мәселен, былтыр 1 млн-нан аса кемшілік анықталған. Олқылықтың дені – көмек көлемін қолдан өсіріп көрсету. Сондай-ақ есеп құжаттарын қате толтыру, науқастарды аурухана жатқызбау немесе ем-дом шараларын мүлде жасамау жағдайлары жиі кездескен. Сондықтан медициналық ұйымдардың жұмысын бақылауға алу өзекті дейді сала өкілдері. 

Назерке Тоқжан