Мекемелерге QR-код арқылы кіруге болатын Ashyq қосымшасы іске қосылды

Мекемелерге QR-код арқылы кіруге болатын Ashyq қосымшасы іске қосылды

Қазір еліміздің үш аймағында жоба жүзеге аса бастады. Бизнес-нысандар адамдарды індетке қарсы мәртебесі арқылы қабылдай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індетпен күресудің түрлі амалы ойлап табылып жатыр. Карантин режимін сақтау үшін кәсіпкерлер қызметін тоқтатуға мәжбүр болды, тіпті кейбірі банкротқа ұшырады. Енді барлық нысан жұмысын жалғастыру үшін елде мекемеге кіруге мүмкіндік беретін Ashyq қосымшасы іске қосылды. Әзірге Елорда мен Алматыда және Қарағанды қаласында қолданысқа берілді.

Қуанышбек Мұқаш, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Бұл кәсіпкерлерге қандай мүмкіншіліктер береді? Мысалы, біз қызыл түсті аймақта болатын болса, онда бұлар сары түсті аймақтарға тиесілі шектеумен жұмыс істей алады. Қызыл түсті аймақта сенбі-жексенбі рұқсат етілмесе, ал сары аймақта рұқсат етілсе, сонда бұлар сенбі жексенбі жұмыс істей беретін болады.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Елордада Ashyq қосымшасы арқылы келушілерді қабылдайтын кәсіпкерлік субьектілер өз жұмысын жандандырды. Бүгін біз бірнеше мекемені аралап тексеріп көрдік. Оларда QR-код қалай жұмыс істейтінін?

Біз аралаған нысандарда қосымша жұмыс істеп тұр. Тек бұл жобаға қосылуға барлық орындар келісім бермеген. Мәжбүрлеу жоқ, ерікті түрде мекемеге QR-код арқылы келушілерді қабылдасаңыз болады.

Мейіржан Жанғожин, боулинг орталығының басшысы:

– Ashyq қосымшасы бізге үлкен мүмкіндіктер беріп жатыр. Наурыз айынан карантин енгізілгеннен бері біз жұмыс істемеген едік. Қазір осындай жүйемен жұмыс істеп жатырмыз. Адамдар кеше келді. Біз кешеден бері қабылдап жатырмыз. Түсіністікпен қарап жатыр. Осы қосымшаны жүктеп, кодты енгізіп біз оларды тексеріп жатырмыз. Кешегі қызмет көрсеткен отыз адамда да көк түс болды.

Ashyq мобильді қосымшасын ІТ-компания әзірлеген. Болашақта бұл жаңашылдық нәтижесін берсе, басқа облыстарға да енгізу жоспарда бар дейді жауапты мамандар. Цифрлық дәуірде бұл бастама халыққа пайдалы болса болғаны.

Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Рахманбердиев