Арқалықтағы Торғай боксит кен басқармасы жұмысын тоқтатты

65 жыл бойы жұмыс істеп келген өндіріс ошағында отқа төзімді саз бен боксит қоры сарқылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда алты жүзге жуық адам еңбек етіп келген еді. Компания жұмысшыларды далада қалдырмады. Бірсыпырасын ERG құрамындағы өзге кәсіпорындарға ауыстырды. Қалғандары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасты.

Виктор Суровцев үш ай ішінде «Бастау Бизнес» курсы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Қазір жеке жөндеу шеберханасының басшысы. Біздің кәсібі жүздің нәсібі болып, жабылған кен орнындағы 87 әріптесін өзі жұмысқа алған.

Виктор Суровцев, ARQALYQREMSERVIC ЖШС директоры:

– ЕRG және «Қазақстан Аллюминийі» бірлесіп «АТАМЕКЕН» арнайы бағдарлама әзірледі. Жөндеу шеберханасы, асхана және техника біздің иелігімізге қайтарымсыз, тегін өтті.

Татьяна Әубәкірова қайта оқытудан кейін жөндеу цехына жұмысқа орналасқан. Қазір отқа төзімді саз бен бокситтің орнына жону цехында өнімнің сапасын тексеріп жүр.

Татьяна Әубәкірова, ARQALYQREMSERVIC' ЖШС инженер технологы:

– ЕRG-дің жолдамасымен Павлодар аллюминий зауытында қайта оқудан өттім. Сонда сызудың қыр-сырын үйреніп, өлшеуіш құрылғылармен қалай жұмыс істеу керек екенін меңгердім.

Кен орындарының қазіргі осындай. Әдеттегідей қызу жұмыс жоқ. Алдағы уақытта тек жиналған қор тасып шығарылмақ. Өз кезегінде бұл 126 адамның жұмыс орнын сақтап қалды.

Қуанышбай Бикторов, саз тасымалдау цехының бастығы:

– Сазды тиеу цехында тек қорда жатқан сазды тиеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл шамамен 260 мың тонна саз. Болжам бойынша бұл көлем 3-4 жылға жетеді.

Торғай боксит кен басқармасының жабылуына бір жыл қалғанда мұндағы 200-ден аса маман ERG-дің басқа кәсіпорындарына қызмет ауыстырды. Олар Соколов-Сарыбай кен байыту бірлестігі, Краснооктябрь кен басқармасы, Шұбаркөл көмір және Павлодар алюминий зауытына орналасқан. Ал ERG кәсіпорнына ауысуды қаламағандар әкімдіктің ықпалымен қаладағы мекемелерден жұмыс тауып жатыр. Ал Арқалықтағы игерілген кен орындары 4 жылда қайта қалпына келтірілмек. Өндіріс аумағындағы жер қойнауы қалпына келтіріліп, шөп егілмек.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мухамедьяров