Наурыз мерекесі шетелдіктер көзімен

Ұлыстың ұлы күнін Қазақстанда оқитын шетелдік студенттер де тойлап жатыр.

Олар қымыз, айран, бауырсақ, наурызкөже сынды ұлттық тағамдардан дәм татып, көктем мерекесін көппен бірге атап өтті. Мексикалық Сандра мұхиттың арғы бетінен қымызды зерттеу үшін келген. Қазақтың мәдениетіне тәнті екенін айтады. Ал түрікмен жігіт Қазақстанда білім алуды армандапты.

Қонақжай қазақ келген қонағының алдына барын тосып, дәм ауыз тигізбей жібермейді. Ұлыстың ұлы күні Наурызға орай мұхит асып келген кейіпкерлерімізге қонақжайлығымызды көрсетуді жөн көрдік. Олар қазақ елінің  мәдениетіне, тілі мен ұлттық тағамдарына қызығушылық танытып жүр.

Сандра Қазақстанға қымыз үшін келген. Мексика қызы 3 жыл бұрын ұлттық сусынға қызығушылық таныта бастаған. Қазір қазақ тілін үйреніп жүр. Сандра қазақ елінде табиғи сүт өнімдерінің көп екеніне таң қалады. Ал Мексикада химикатсыз сүт өнімдерін таппайсыз дейді. Ежелгі үндістерде әз-Наурызға ұқсас мереке болыпты. Бірақ қазір тойланбайды екен.

Сандра Реал, Назарбаев университетінің магистранты:

– Наурыз Мексикада болды. Көп жыл бұрын. Қазақстанда наурызкөже жасаймыз. Наурыз көже 7 элементтен тұрады. Маған наурызкөже ұнайды.

Қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытқан шетел азаматтары көбейіп келеді. Түрікменстаннан келген Амангелді Еуразия ұлттық университетінде білім алады. Ол қазақ тілін жетік меңгеріп алған. 

Амангелді Ибадуллаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:

– Салт дәстүрдің арасында айырмашылық жоқ. Қазақ тілін үйренуге 7-8 ай уақыт кетті. Наурызға арналған тағамдар пісіріледі.

Шетелдік студенттердің басым бөлігі елімізге қызығып келген. Халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен әдет-ғұрпы көрініс тапқан Наурыз мейрамында олардың ұлтымызға деген құрметі артып, білімдері тереңдей бермек.

Наргиз Бекмағанбетова, Диас Қовланбаев, Болат Абдуллин