Теміртау тұрғындары үй ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, спорт алаңдарын салып алған

Қарағанды облысындағы Теміртау қаласының тұрғындары өз күшімен үй ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, спорт алаңдарын салып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде ойын алаңдарында қыста хоккейден, ал жазда футболдан жасөспірімдер арасында жарыстар өткізіліп жүр.

Дәл осы алаңда әуесқойлар арасында ай-сайын турнир өтіп тұрады. Оған қаланың барлық аудандарынан командалар жасақталып келеді. Дәл осы ауланың тұрғындары жеңіс тұғырынан бір түскен емес. Себебі ауладағы кортта дайындық жүргізуге мүмкіндік бар.

Егор Кравченко, Теміртау қаласының тұрғыны:

– Біз үшін барлық жағдай жасалды. Осында барлық ауланың балалары келіп ойнайды. Тек 16 жастан аспаған болу керек. Осында өтетін жарыстар кәдімгі республикалық турнирлар сияқты қызықты өтеді.

Ойын алаңын өз қолымен жасауды о баста қарапайым халық арасынан шыққан белсенділер бастаған. Жергілікті билік бұл бастаманы қуана қабылдапты. Бұрыннан бері тұрған ескі спорт құралдарын бояп, қалыпқа келтірген. Демеушілер тауып жарықшамдар мен бейнекамералар орнатылған. Кішкентай бүлдіршіндердің де ойнайтын орны бар.

Гүлмира Тоқшылықова, Теміртау қаласының тұрғыны:

– Мына алаң өте қолайлы, таза, балаларға ұнайды. Алтыбақан, сырғанақ бар. Күнде келеміз.

Көпке үлгі болсын деген ниетпен ашылған алаңды көршілес үйлердің тұрғындары қызығып қарайды екен. Себебі мұндағы жағдай мүлде басқаша. Мұндағы алтыбақандар мен хоккей қоршауын кей тұрғындар темірге тапсырып жіберген көрінеді. Салдарын уақытын тиімді өткізе алмайтын бүлдіршіндер тартып жүр.

Биыл Теміртау қаласының әкімдігі 20-ға жуық алаңды қайта жөндемек ниетте. Алайда ол үшін қоғам тарапынан қызығушылық пен қадағалау болу керек дейді. Әйтпегенде жаңа ойын алаңдары да қолды болып кетуі ықтимал.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев