И.Унжакова: Халықты вакциналау баяу жүріп жатыр

Коронавирус инфекциясынан халықты вакциналау баяу жүріп жатыр. Мәжіліс өкілі Ирина Унжакова Денсаулық сақтау министрлігін осылай деп сынға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жауапты ведомствоның қателігі салдарынан ел азаматтары қайда барып вакцина алатынын білмейді. Өңірлерде екпе жоқ», - дейді депутат. Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур және басқа да елдерде халықтың жартысынан астамы вакцина алып үлгерген. Ал бізде тек 134 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе қолданды. Осы депутаттық сауал арқылы «Nur Otan» партиясы фракциясының өкілдері нақты жоспар және вакциналау кестесі туралы толық ақпарат беруді сұрайды.

Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Былтыр адамдар ПТР-тест қайда және қашан тапсыруға болатынын білмеді. Биыл бұл жағдай вакцинамен қайталанып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала іс-қимыл алгоритмін жасай алмады ма? Адамдардың көкейінде осындай сұрақ тұр. Шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдау керек. Әйтпесе, пандемиямен күреске толық дайын болмай қалуымыз мүмкін. Бұл мәселеге жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тоқталды. Мемлекет басшысы вакциналауды қарқынды жүргізу керектігін міндеттеді. Ұжымдық иммунитет болғанда ғана Қазақстан коронавирусты жеңетінін атап өтті. Іс жүзінде Үкімет Президент тапсырмасын орындай алмай отыр.