СҚО: Талшықтағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы созылып барады

Солтүстік Қазақстан облысы Талшық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылмай тұр. Спорттық нысан 2018 жылы салына бастаған. Жергілікті билік құрылыс компаниясының кепілхатына сеніп жұмысты қабылдап алған. Енді артынан өздері жүгіріп жүр. Мердігер ұйым міндеттемелерін сол күйі орындамай кеткен.

Талшық ауылының тұрғындары дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сырттай ғана сүйсінеді. Нысан 2019 жылдың соңында ашылуы тиіс еді. Әлі тұр. Салған кәсіпкер сол кезде қалған жұмысты бітіремін деп құрылыс бөліміне кепілхат беріп, бөлінген ақшаны түгел алып алған. Содан жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ғимараттың жалпы аумағы 2 мың 400 шаршы метр. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде волейбол, футбол, баскетбол және де теннис секілді басқа да спорт түрлерінің залдары бар. Бірақ өкінішке орай, бұның барлығы қаңырап бос тұр. 

Спорт кешенін салуға 325 млн теңге бөлінген. Кәсіпкер кеткеннен кейін нысанда тексеріс басталып басқа да былықтардың беті ашылды. Сол баяғы дағды:

Жанарбек Есләмбеков, Ақжар аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда 13 млн теңгеге сомасына жұмыстар әлі аяқталмай тұр. Ол жұмыстар: вентиляциялық желілері, сосын тренажерлық бөлімде екі обарудованиясы жетіспейді. Сондай енді жұмыстар, тағы да электр желілерін қосу жұмысы трансформаторға. 

Мердігер ұйым керісінше кінәні тапсырыс беруші шенеуніктерге артып отыр. Компания директорының айтуынша, қаржыны кешіктіріп аударған құрылыс бөлімінің өзі. 

Амангелді Сағадиев, мердігер ұйымның директоры:

- Нысан бір жыл бойы қаржыландырылмай тұрып қалды. Бұл уақытта құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Сондықтан сметалық құжат бойынша бөлінген сома жетпей қалды. Тағы да ақша керек.

Кешен керек. Мысалы, еркін күреспен шұғылданатын спортшылар мәдениет үйінде жаттығады. Несін жасырады, зал тар.

Бейбітхан Бөлеген, жаттықтырушы:

- Өзіме 45-50 спортшы қатысады. Мынау зал мәдениет ғимаратында орналасқан. Зал кішкентайлау бізге. Спорт кешені салынған, сол бітпей жатыр. Сол бітсе, бізге жақсы болушы еді. Ішіне кіріп көрдік. Екі үлкен кілем төселген. Үлкендігі 12/9. Екі кілем бар. Сонда көшсек жақсы болушы еді.

Былтыр құрылыс бөлімі мердігер ұйымды сотқа беріп, кәсіпкер орындалмаған жұмысты аяқтауға міндеттелді. Қазір онымен сот орындаушылары айналысып жатыр. Сондықтан нысанның қашан ашылатынын ешкім де дөп басып айта алмайды. 

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев