Алматы облысында кәсіпкер жергілікті зиратқа адам жерлеткізбей отыр

Алматы облысындағы Қарабұлақ ауылының зираты жабылып, қарауыл қойылған. Мұндай көріністі көзбен көрген жұрт жағасын ұстап отыр. Жеке кәсіпкер аумақтың жекеменшік екенін айтып, қайтыс болған адамды жерлеуге рұқсат бермепті. Тұрғындар бұрыннан келе жатқан бейіттің жекенің қолына қалай және қашан өтіп кеткенін түсінбей дал.

Қарабұлақ ауылының тұрғындары үш күн бұрын қайтыс болған адамды жерлейтін аядай жер таба алмапты. Өйткені ауылға тиесілі зираттың иесі табылып, аумаққа күзет қойып тастапты. Тіпті бұдан былай бейітке адам жерлеуге болмайтынын айтқан. Өз ауылынан топырақ бұйырмаған марқұмның мәйіті көрші ауылдың зиратына жерленген.

Тоқберген Жұмабеков, ауыл тұрғыны:

- Бір үлкен кісі қайтыс болды. Оны жерлейік деп барсақ алдымыздан шығып, «бұл жекеменшік жер» деп қолдарында таяқтары бар, форма киіп алған, кім екенін де білмейміз, жібермей қойды. Сонымен апарып Табаксовхозға көмдік. Кешеден бері айқай-шу, жиналыс болып жатыр.

5 мың тұрғыны бар Қарабұлақ ауылы Талғар ауданына қарайды. Тұрғындардың айтуынша, таласқа түскен аумақ 1988 жылы ауылдық және жұмысшылар кеңесінің шешімімен зират болып бекітіліпті. Ол кезде жер телімі үкіметке тиеслі болған дейді. 

Якуб Алиев, ауыл тұрғыны:

- Бұл зират Кеңес Одағынан 1988 жылдан бері келе жатыр. Мен түсінбеймін кәсіпкер жерді сатып алатын кезде көрмеген бе, тексермеген бе? Тіпті бейітті қалай сатып алғанын білмейміз.

Қарабұлақ елді мекеніне жауапты Панфилов ауылдық округы әкімдігі қызметкерлерінің мәліметінше, тұрғындар сөз етіп отырған шешім мұрағаттан табылмаған. Керісінше ол жердің жеке меншікке тиесілі екені анықталыпты. Енді көлемі жеті гектар ескі зират жабылатын болды. Халықтың ашуын көрген жеке кәсіпкер болса оның орнына басқа жер беремін деп отыр.

Сәуле Мықтыбаева, Панфилов ауылдық округі әкімінің м.а.:

- «Айшир» ЖШС-нің ауылшаруашылық мақсаттағы жерлері болған. Ол кісілер сол жерлерді қалдырды зират ретінде содан кейін санитарлық аумақты сақтай отырып қоршауын біз жүргізіп береміз. Тұрғындардың қолайлылығы үшін ауылдың маңынан 11 гектар жер бөлінді.

Жеке кәсіпкер берген 11 гектар жерді жергілікті әкімдік заңды түрде зират деп рәсімдемек. Ол үшін шамалы уақыт қажеттігін алға тартты. Құжат дайын болғанша деп. көрші Панфилов ауылының зиратынан орын бөлініпті.  

Авторлар: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев