СҚО: Имантау ауылында әрбір оныншы отбасы гүл өсірумен айналысады

Солтүстік Қазақстан облысы Имантау ауылындағы әрбір оныншы отбасы гүл өсірумен айналысады. Қазір елді мекенде 150 жылыжай бар. Жергілікті тұрғындар гүлді ақпан, наурыз айларында жаппай егіп, еліміздің түкпір-түкпіріне сатады. Қысы қатты аймақ тұрғындары гүлге неге құмар?

Ринат Биктимиров үшін биыл оныншы гүл егу маусымы басталды. Оның жылыжайына кірсең шыққың келмейді. Барқытгүл, шырайгүл, жұлдызгүл. Бәрі де құлпырып, жайнап тұр.

Ринат Бектеміров, кәсіпкер:

- Мына жылыжайда 3 пеш тұр. Күні-түні жағамыз. Биыл 8 тонна көмір және екі көлік отын кетті. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Мына бір жылыжайда гүлдің 500 мың түбі бар. Наурыз айында егілген өскіндер шамамен 10 күннен кейін гүлдеп шығады.

Имантау ауылында осындай 150 жылыжай бар. Тұрғындардың күннің суығында аялап өсірген гүлдері Қазақстанның көптеген қаласына көрік беріп тұр.

Любовь Сердюк, Имантау ауылдық округінің әкімі:

- Біздің гүлдер Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды қалаларына жіберіледі. Бірақ бұл маусымдық табыс. Енді тұрғындар жылыжайды жыл бойы күтіп баптаса, кіріс одан да ұлғаяр еді. 

Кірісті ұлғайту үшін кейбір тұрғындар қоректік көк өсіруге ден қойып жатыр. 

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов