Түркістанда героин тасымалдаған автобус жолаушысы ұсталды

Түркістанда героин тасымалдаған автобус жолаушысы ұсталды

Түркістан облысының полицейлері героин тасымалдаған автобус жолаушысын ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Түркістан қаласында аса ірі көлемде героин тасымалдаған тұрғын ұсталды.

Осылайша, облыс көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Құқықтық тәртіп» шарасы аясында ЕҚҚІҚБ қызметкерлерінің тәжірибелі тәртіп сақшылары қатарынан қылмысты ашуға бағытталған шаралар ұйымдастырылды. Олар Шымкент – Самара тасжолының бойында жүріп жатқан автобус көліктерін біртіндеп тексере бастайды. Тексеру кезінде Алматы – Түркістан бағытында келе жатқан автобустағы жолаушы әйел күдік тудырады. Осылайша, жедел шаралардың нәтижесінде әйелдің сөмкесінен қағазға оратылып, полиэтилен пакетіне салынған ақ-сұр түсті есірткіге ұқсас ұнтақ табылды. Болған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полицейлер тәркіленген айғақты затты сараптамаға жолдады. Оның қорытындысы бойынша есірткіге ұқсас заттың жалпы салмағы 60 грамға жуық героин екені анықталды. Яғни героиннің бұл салмағы 300-ге жуық адамның бір реттік дозасы екені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті әйел бірден қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы оқиғаның толыққанды мән-жайын анықтайтын болады.