2021 жылдың бірінші тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3% ұлғайды – С.Омаров

2021 жылдың бірінші тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3% ұлғайды – С.Омаров

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР-ның 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық өсу қорытындысы туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. 

Биыл қаңтар-сәуір айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3% ұлғайып, 831,2 млрд теңгені құрады.

«Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2% ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,3%, сүт 3,4% өсті», – деді С.Омаров.

Бұл ретте, 44,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100% құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіру есебінен қамтамасыз етілді.

Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын 4 облыста: Ақмола (114%), Қарағанды (104,5%), Павлодар (104,1%) және Жамбыл (103,1%) облыстарында байқалды.

Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 673,6 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте, қызылша қантын өндіру көлемінің 28,9%, өңделген күріштің 23,7%, сары майдың 23,3%, жарманың 21,7%, өсімдік майының 15%, ұнның 11,4%, ірімшік пен сүзбенің 9,6%, өңделген сүттің 3,7% артқаны байқалды.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 66,1% ұлғайып, 163,2 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 37,3% артып, 28,4 млрд теңгені құрады.

«Жалпы министрлік жоспарланған нәтижелерге қолжеткізуге мүмкіндік беретін қажетті шараларды қабылдауда», – деді ауыл шаруашылығы министрі.