Шымкент тұрғындары: Мейрамханадан шығатын түтін мен шудан шаршадық

Тұрғын үйге тақап салынған нысан күннің көзін көлегейлеп тұр.

«Мейрамханадан шығатын түтін мен шудан да шаршадық», - дейді тұрғындар. Үй тұрғындары біраз жерге шағымданыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, мәселе шешімін таппаған. Ал жерді алған кәсіпкер «бәрі заңды» дейді

Нұртас Бекбауовтың күнделікті терезеден көретін көрінісі осы. Өткен жылы құрылысы басталып, биыл пайдалануға берілген нысан күн көзін көлегейлеп тұр. «Күндіз үйде жарық, түнде алаңсыз ұйқы жоқ», деп ашынады. Заң бойынша мұндай құрылысқа көрші ғимараттың тұрғындарынан келісім болуы тиіс екен.

Нұртас Бекбауов, қала тұрғыны:

- Мынау жататын бөлмеде менің балам жатады бірінші топ мүгедек. Екі бүйрегі жоқ. Күніне 4 сағат түседі бір түскенде. Оған қазір ауа жетпейді. Бүйрегі жоқтарда ылғи отдышка оларда. Мынаны да ашады, ананы да ашады.

«Кез келген ғимараттың арақашықтығы сақталуы тиіс», - дейді тұрғындар. Барлығының базынасы бір болғанымен, түрлі проблема барын айтуда. Бірін мейрамхана салқындатқышының ыстық желі мезі еткен. Енді басқасы «тұрғын үйдің алды автотұраққа айналды» деп наразы.

Ал, «барлығы заң аясында жүргізілді» деп жерді жалға берген кәсіпкер сот шешімін күтіп отырғанын айтады. Құрылысты жүргізуге тиісті құжаттар жауапты мекеме тарапынан берілгендіктен, іс насырға шабады деп ойламапты. Енді әліптің артын бағып, заң саласының мамандарынан бір шешім күтіп отыр.

Жамалбек Досбол, кәсіпкер:

- Сол жігіттер өздері барлық сараптамадан өткізіп, жұмыс жобасын, Гаск-ға талонын, АПЗ-сын, одан кейін эскизін барлығын істеп, сонымен мына құрылысты салды. Сот енді шешім шығарып, мына жерді бұз десе бұзады ғой. Оған біздің қарсылығымыз жоқ. Көршілерге де өкпеміз жоқ. Әркімнің өзінің құқығы. Заң бар. Заң аясында шешілсін.

Іс басталғанда шикілік барын білген тұрғындар тиісті органдарға талай хат жазып, шағымдарын жеткізіпті. Бірақ мамандар мораторийге байланысты шағын кәсіпкерлікті тексере алмайды. Көрсетілген арыз бойынша тиісті шешімді сотқа жолдаған.

Нұрдәулет Құрбанбекұлы, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы Бекбауованың арызы бойынша көп мәліметтер жинап, жиынтықтарын қарап, зерделей отырып, қалалық прокуратурамен бірлесе отырып тоқталдық бір шешімге. Өзіміздің тарапымыздан 2 бап бойынша шара көріп, сотқа жібердік материалды. Қазіргі таңда марериалдың барлығы сотта қаралуда.

Енді күрмеуі қиын түйінге айналған істі сот шешімі тарқатады. Мәселеге шешімі қалай аяқталғанын назарда ұстайтын боламыз.