Алматыдағы субұрқақтар күрделі жөндеуді қажет етеді

Алматыда талай жылдан бері тұрғындардың көзайымына айналған субұрқақтардың бірқатары биыл іске қосылмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалаға әсемдік беріп, шіліңгір ыстықта айналасын салқындататын сегіз фонтанның тозығы жеткен.

Оларға күрделі жөндеу қажет. Бірқатар субұрқақ техникалық ақауға байланысты уақытша қосылмаған. Алматыда мамыр айы ыстық әрі құрғақ болып тұр. Қандай фонтандар жарамсыз, олардың күтіміне қанша ақша кетеді?

Бұл фонтан «Шығыс күнтізбесі» деп аталады. Жобасы 1979 жылы қолға алынып, қола мүсіндер Алматы электромеханикалық зауытында құйылған. Қырық жылдан асқан субұрқақ қазір жарамсыз. Алматыда барлық фонтандар 25 мамыр күні іске қосылады. Бұл дәстүрге айналған. Бірақ биыл бірқатары сыр беріп, кейбіреуі тозығы жеткендіктен тоқтатылған. Тұрғындар «Алматының бір әсемдігі субұрқатарымен. Сондықтан бұзылғандары ертерек жөнделсе екен» дейді.

Блиц:

Ауаның ыстығында салқын болып тұрады фонтан деген. Қасында, төңірегінде бала-шағамен қыдырасың, фонтан керек қой.

Қазіргі карантин кезінде адамдар шет елдерге шықпай жазғы уақыттарын қалада өткізеді. Сондықтан қаладағы фонтандар демалушылар үшін ауадай қажет. Әсіресе, балалар үшін.

Бұл су көркін көрсететін, салқындайтын дүние. Әрине бастықтар елдің қамын ойласа, дер кезінде қосу керек.

«Шығыс күнтізбесінен» бөлек тағы жеті фонтан іске қосылмайды. Олардың арасында Мұхтар Әуезов театрының, Әбілхан Қастеев өнер музейінің алдындағы, Мемлекеттік мұражай жанындағы және басқа да субұрқақтар бар. Оларға күрделі жөндеу қажет. Салынғандарына жарты ғасыр болған жүйе сыр бере бастапты. Жалпы Алматыда 125 субұрқақ бар. Оның 46-сы ғана коммуналдық қызметтің меншігінде. Қалғандары жеке немесе заңды тұлғаларға қарайды. Әкімдікке тиесілі фонтандардың қазір отызы ғана су бүркіп тұр. «Жуық арада сегізі жөнделіп бітеді», - дейді жауапты мекеме басшысы.

Жанна Асанова, қалалық Жасыл экономика басқармасына қарасты мекеме басшысы:
Біздің қазіргі мақсатымыз –  осы қысқа мерзімде ол фонтандарды жұмыс істету. Негізі жиырма бесінде барлығы қосылуы керек болатын. Өздеріңіз білесіздер, бұл фонтандар бәрі ескі, алпысыншы жылы салынған, сексенінші жылы салынған. Сондықтан қосылған кезде кейбір трубалар жарылады, водомерлер жарылады. Соның бәрін жағдайға байланысты жөндейміз де 3-4 күннің айналасында қайта қосамыз.

Әр субұрқақты бабында ұстауға ай сайын 300 мыңнан 600 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады екен. Шығын оның үлкендігіне және технологиясына байланысты. Ол ақшаға қосалқы бөлшектер алынып, тазалау және техникалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады.

Авторлар: Аршын Кемелжанұлы, Эдуард Кон