Шарын шатқалындағы оқиға: қанша оқушы барғаны белгісіз

Алматы облысы білім басқармасының өкілдері Шарын шатқалында қанша оқушының болғаны жайында нақты мәлімет бере алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені олар қазір сонда болуы мүмкін балалар жайында ақпарат жинауда, деп мәлімдеді сала мамандары. Оған дейін серуенге үш жүзге жуық оқушы шыққаны жайында алып-қашпа әңгіме тараған. Ол долбар әзірше жел сөз іспетті.

Естеріңізге салайық, кеше Шарын шатқалында сел жүріп, екі адам опат болды. Оның бірі – кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек.

Қазіргі дерек бойынша, 6 адам жарақат алған. Тағы бір адам жоғалып кеткен. Оны іздеу жұмыстары жүріп жатыр. «Ал зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді», - дейді төтенше жағдайлар министрлігінің реми өкілі Талғат Уәли.

Оқиға болған аумақ – Алматы облысының Ұйғыр ауданы. Селдің жүруіне күн райының күрт құбылуы әсер еткен. Яғни 15 минуттай бұршақ аралас жауын жауған. Оқиғаға байланысты Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінде шұғыл штаб жұмыс істеп тұр.