Алматыда тұрғын үй құрылысы дау тудырды

Алматының орталығында салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысына жұрт наразылық танытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Abay 130» тұрғындары жапсарлас салынып жатқан 12 қабатты үйдің бой көтеруін қаламайды. Өйткені зәулім ғимарат жанындағы үйге көлеңкесін түсіріп, қалаға қарайтын көркем көріністі жабады. Әрі самал желді тежейді. Үш жыл бұрын баспаналы болған жандар енді құрылыс компаниясына алдандық деп отыр.

Абай көшесінің бойындағы мына дәулеті мен сәулеті жарасқан тұрғын үй кешенінен басапаналы болудың өзі бақыт. Алматы нарығында осындай үйдегі пәтердің әрбір шаршы метрі 500 мың теңгеден асады. Бұл үйдің тұрғындары пәтерлеріне үш жыл бұрын қоныстанған. Сол кезде кешенді тапсырған «Тау девелопмент» компаниясы 9 қабатты үйдің жанынан тек 6 қабатты бизнес орталықтың салынатынын ескерткен. Баспанасын алған тұрғындар бұл ақпаратқа сенді. Алайда пандемия компанияның әуелгі ойын өзгертіпті. Енді бизнес орталықтың орнына 12 қабатты үй салына бастады. 

Назгүл Мұстафина, қала тұрғыны:

– Мына жерге 86 пәтер дейді. Енді ойлаңыз, есептей бергенде мына жерде 2 мың адам болады. Осы аула жарай ма сол жерге? 12 қабатты үй қаншалықты жергілікті немесе республикалық маңызы бар үй болып тұр.

Жамал Хамитова, қала тұрғыны:

– Және 12 көпқабатты үй қазір қосылса, олардың су қысымы мәселесі бізге де әсер етуі мүмкін. Себебі 12 этажға дейін суды көтеру бірталай қиын болады.

Тұрғындардың басты уәжі жапсарлас салынатын құрылыс нысаны ең алдымен жанындағы үйге көлеңкесін түсіріп, желдің еркін өтуіне кедергі болады. Компания өздерінің бастапқы жобаларының өзгергендігі туралы да ешкімді алдын ала құлағдар етпеген. Сол сәттен бастап екі тарап арасында түсінбеушілік туындады. Десе де нысанның құрлысына белсене кіріскен компания өкілдері қала құрылысын бақылау басқармасынан құрылысты жүргізуге тиісті рұқсатымыз бар дейді.  

Ерген Каппаров, жобалаушы компанияның басшысы:

– Бұл жерге көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беретін мемлекеттік актіміз қолымызда. Онда тек үй ғана емес, өзінің көлік паркингі, әлеуемттік-мәдени нысандары да болады. Осы құжаттардың негізінде сәулеттік-жобалау тапсырмасы берілген. Жобаны қараған мемлекеттік мекемелер оны іске асыруға болатынын мақұлдады. Мемлекеттік сараптамадан да оң бағасын алды.

Ермек Сүлейменов, компанияның бас директоры:

– Тұрғындар бізге әуелгі жоспарды неге өзгертесіздер дейді. Бірақ бастапқы жобаның нақты құжаты болмағанын ескерткім келеді. Сол жағына мән беру керек. Әрине, сауда бөлімінің қабырғасында ілулі тұрған фотосуретте 6 қабатты ғимарат бейнесі бар. Иә, сол кезде біз терезелері үлкен, жарық молынан түсетін бизнес-орталық салуды жоспарлағанбыз. Бірақ қазіргі әлемде болып жатқан ахуал біздің де жоспарымызды өзгертті. Біз қазіргі нарық сұранысына сай тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылдадық.

Жалпы соңғы кезде Алматының тарихи-мәдени орталық аудандарында жапсарлас құрылыс нысандарын салу көбейіп кетті. Дегенмен Абай көшесінің бойындағы бұл нысан оған жатпағанымен, тұрғындар нарызылығын түсінуге болады. 12 қабатты үйдің салынуына қарсылық білдірген тұрғын үй кешенінің 400 жуық тұрғыны атынан қалалық әкімдікке хат жолданды.

Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев, Радик Жақыпов