Біртановтың ісі бойынша тергеу мерзімі ұзартылды

Денсаулық сақтау саласына арналған ақпараттық жүйені іске қосып, интеграциялауға небәрі бес ай қалды. Алайда бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сотқа тартылуына байланысты бұл іске кедергі келді.

«Эриксон Никола Тесла» компаниясы әзірлеген жүйе айғақ зат деп танылған. Сол себепті қазір хорватиялық компания Қазақстан алдындағы міндетін толық орындай алмай отыр. Бұл туралы Елжан Біртановтың өзі сот отырысы кезінде хабардар етті.

Бұрынғы шенеуніктің айтуынша, халықаралық деңгейде тиімділігі дәлелденген жүйені тездетіп іске қосу үшін тиісті шараларды дер кезінде атқару қажет. Жалпы бүгін мемлекеттік айыптаушы Біртановты үйқамақта шілденің 14-іне дейін қалдырып, шектеу шараларын қатаңдатуды сұрады. Прокурордың бұл жолғы өтінішіне қатысты шешімді судья маусымның тоғызы күні шығарады.

«Бюджет қаржысын ысырап етті» деген айыппен Елжан Біртанов былтыр қазанда тұтқындалып, 7 қарашада үйқамаққа ауыстырылған. Бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу 1 тамызға дейін жалғасады.

Біртановтың туыстарынан өзге адамдармен араласуына тыйым салу сұралды