Алматылық экологтар дабыл қағуда

Алматы ауасының ластануының 57 проценті автокөліктерге тиесілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экологтардың мәліметінше, күніне машиналардан ауаға 110 тонна зиянды қалдық тарайды екен. Мамандар мұның ауыр салдарын айтып дабыл қағуда. Ал мегаполистің басшысы экологиялық талапқа сай келмейтін техника иелеріне жазаны қатаңдатуды сұрап отыр.

Алматыда қазір ресми тіркелген көліктердің саны 500 мыңнан асады. Бұған күнделікті сырттан келіп-кететін көліктерді қосыңыз. Әсіресе, бензин және дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктердің ауаны ластаудағы «үлесі зор».

Жанат Әлімжанова, қала тұрғыны:

– Алматыда карантин кезінде аспан ашылып, тып-тыныш болып, түтіннің иісі басылып, тазарып қалды. Енді көбінде осы көліктерден ғой экологияның былғанып жатқаны.

Екі ай бойы жүргізілген тексерулер барысында қалада тіркелген автокөліктердің 11 проценті, ал сырттан келетін транспорттың 12,6 проценті экологиялық нормаға сай келмейтіні анықталған. Жүк көліктерінің 29 проценті ауаға зиянды қалдықтарды шығаратыны белгілі болған.

Еркін Жайлаубеков, ТК-65 техникалық комитетінің төрағасы, эколог:

– Менің есебім бойынша, күніне 110 тонна зиянды қалдық шығады автокөліктен. Ескі машиналарды алып тастасақ, жетпіс процентке азайтады екенбіз. Ең бірінші жол – бұл электробустар. Әрине, ол қиын жол. Көп уақытты керек ететін жол. Автобустарды, қаланың ішінде істейтін автокөліктерді газға көшіру. Табиғи газға, анадай мұнай газға емес, табиғи газға.

Қала билігі, талапқа сай келмейтін көліктердің емін-еркін жүруі айыппұлдың аздығынан деп отыр. Сондықтан, айыппұл көлемін арттыру керек. Қазіргі уақытта қалада 9 экологиялық бекет орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 10 экопост іске қосылады.

Ләйлә Мұхамедрахимова, Экожүйелерді тиімді басқару қызметінің басшысы:

– Наурыз айынан бастап 45 мыңға жуық көлік тексерілді. Соның 5237-сіне протокол толтырылды. Яғни экологиялық нормаға сәйкес келмейді деп толтырылды. Қала ішінде шектеу қою, экологиялық нормаға сәйкес келмейтін көліктерге шектеу қою сияқты қазіргі таңда постановлениенің жобасы қарастырылып жатыр.

Алматыдағы қоғамдық көлік жүйесіндегі 2,5 мыңға жуық автобустың 1 715-і дизельмен жүреді. Қала әкімдігі автобус парктеріне алдағы уақытта мұндай автобустарды сатып алуға тыйым салды. Қоғамдық көліктер тек газбен немесе электр қуатымен қозғалатын болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов