424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде спорттық секциялар мен балалар үйірмелері тегін болады

  • 152
  • UPD: 09:45, 24.06.2021

Ата-аналарға балаларын ақысыз жазу үшін арнайы платформа да әзірленді.

Жүйеде әзірге 280 ұйым тіркелген. Мемлекеттік тапсырыс болғандықтан мұнда таңдауына қарай әр баланың тәліміне жеке қаржы бөлінеді. Алайда кейбір өңірлердегі жергілікті билік әлі де жеке клубтарды қаржыландыруды тоқтатпаған. Осыған байланысты үш өңірдің әкімдерінің орынбасарлары жауапқа тартылған.

Бұл 300 балаға арналған спорттық және заманауи би үйрететін орталық. Мұнда келген оқушылар хореография, балет, акробатика және гимнастика бағытын қатар меңгереді. Сәйкесінше ақысы да аз емес. Бір балаға айына 30 мың теңге. Алайда оқу ақысының қымбаттығынан талай шәкірт үйірмені тастап кеткен. Сондықтан, орталық басшысы мемлекеттік тапсырыс жүйесіне қатысуға ниетті.

Катарина Радуш, би орталығының жетекшісі:

– Біз ғана емес, Қазақстанның өзге де бишілері құжаттарын ұсынып, тіркеле бастады. Талап қатаң. Жаттықтырушылардың арнайы куәлігі болуы керек. Әрі жетекші ретінде біліктілігін ж етілдіріп отыру қажет.

Ал бас қаланың тұрғыны Айжан Сатаева үш баласын да ақылы спорттық секцияларға апарып жүр. Айына кем дегенде 100 мың теңге төлейді. Баладан ештеңе аямайын десе де, ақылы  бөлімдер қалтаны қағып тұр. Жақында іске қосылған тегін порталға жазылып қойған. Бірақ, жүйенің толық іске аспай тұрғанына қапалы. Қанша іздегенімен жүйеден «Жүзу» секциясын таппады.

Айжан Сатаева, қала тұрғыны:

– Мен жүйеге тіркелуге асықпаймын. Себебі жоба әлі толық іске аспаған. Кейбір үйірмелерге орын жоқ. Мықты жаттықтырушылар тіркеліп ұсыныс жасаса деймін.

Елордадағылар жүйеге тіркелуге асықпай жүрсе, өзге аймақтағы жұрт әлеуметтік желіде бұл платформада таңдау жоқ деп әбігерге түскен.

Алайда мәдениет және спорт министрлігі жаңа жүйедегі үйірмелер мен спорт секциялары бәріне жетеді деп отыр. Жаңа жобада оқу жылына дейін 83 мың бала тегін тәлім алады деп сендірді.

Елімізде 4-тен 17 жас аралығында 4 миллион бала бар екен. Балғындардың бәрін тегін үйірмемен қамту үшін 500 миллиард теңге қажет. Мұндай қомақты қаржы әр аймақтың жергілікті қазынасынан бөлінеді.

Ерлан Қожағапанов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

– Қазір кейбір аймақтар әлі күнге дейін кәсіби спортты қаржыландырып отыр. Кейбір аймақ ақшаларын керек емес нәрсеге жұмсап отыр. Осы ақшаларының бәрін балалар мен жасөспірімдерге жұмсаса, сонда пайдасы болады. Бүгінгі таңда Түркістан, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында бұл тапсырысты жөнді орындамай отыр. Бұл дегеніміз – жаттықтырушылар мен ата-аналардың арасында бір байланыс жоқ.

Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысы бұл жобаға қаржысын қимаған сыңайлы. Шымкент пен Қызылорда өңірлерінің әкімдіктерін де бұл тізімнен көрмедік. Мемлекет басшысының арнайы берген тапсырмасын қашан орындайтыны белгісіз. Сондықтан бұл аймақтардың кей балалары үйірмесіз үйде жүруге мәжбүр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсембаев, Диас Қобыланбаев

 

Хабар 24 телеарнасы