Астанада «қызыл» статустағы азамат қоғамдық орынға барғаны үшін жауапқа тартылды

Астанада «қызыл» статустағы азамат қоғамдық орынға барғаны үшін жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан қаласында «қызыл» статусы бар қала тұрғынына қоғамдық тамақтану орнына барғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқоңыр ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары оқшаулау режимін бұзғаны үшін қала тұрғынын ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тиісінше оған 87 510 теңге (30 АЕК) көлемінде айыппұл салынды.

Осы жылдың 5 сәуірінен бастап Ashyq жобасына қатысатын бизнес нысандары арқылы үй карантинін бұзған 4 039 адам анықталды. Оның ішінде 1 888 адам «қызыл» статусқа (коронавируспен ауыратын), 2151 адам «сары» статусқа (науқаспен жақын байланыста болған) ие. Сол сияқты 11-27 маусым аралығында үй карантинін бұзған 491 адам (жұқтырғандар, яғни «қызыл» статустағы 247 адам, жақын байланыста болған «сары» статустағы 244 адам) анықталды.

Департамент тәртіп бұзушылардың үй карантинінде болу уақытын анықтау бойынша жұмыс жүргізеді. Аумақтық басқармалар санитарлық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) шараларды жүргізу туралы 23 қаулы тапсырды, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 4 хабарлама берді.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ПТР-тесті оң және «сары» статустағы елорда тұрғындары 14 күндік үй карантинін сақтау керектігін еске салады.