Елордалық еріктілер қала тұрғындарына медициналық маска таратты

Елордалық еріктілер қала тұрғындарына медициналық маска таратты
astana.gov

Қалалық волонтерлер штабы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ және Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, елорда тұрғындары мен қонақтарына 10 мыңнан астам медициналық маска таратты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«COVID-19 вирусы елорда аумағын ғана емес Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. Қазір жаппай вакцинация жүргізіліп жатыр. Бірақ сақтық шарасын қатаң сақтауымыз керек. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, елордалық Жастар саясаты басқармасы, «Астана жастары» КММ белсенді еріктілермен бірге ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай саябақтар мен гүлзарларда серуендеп жүрген жандарға 10 мыңнан астам бетперде тарату, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау қажеттігін түсіндіру үшін шықты. Акция мұнымен аяқталмайды, енді 30 000 маскаға дейін таратуды жоспарлап отырмыз. Біз үшін жұрттың қауіпсіздігі өте маңызды», - деді «Астана жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Адам санитарлық талаптарды сақтамауы нәтижесінде өз өміріне ғана емес өзгелерге де қауіп төндіреді. Санитарлық нормаларды сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, ұйымдастырушылар қауіпсіздікті сақтау бойынша түсіндіру жүргізді.