Түркістан облысының Қасқасу ауылында жұрт ауыз сусыз қалды

Түркістан облысының Төле би ауданында жұрт аптап ыстықта ауыз сусыз қалды. Қасқасу ауылына бес жыл бұрын тартылған құбырдан су ақпай, жергілікті халық тіршілік нәрін Сайрамсу өзенінен тасып ішуде. Тұрғындар көрші ауылдан келетін судың бастауынан жергілікті кәсіпорын тұтынып отыр дейді. Сондықтан көлемі азайып кеткенін айтады. 

Қасқасу ауылында тұратын Самат Қапланбеков суды күнде тексереді. Алайда құбырдан бүгін де тамшы су ақпады. Көп балалы отбасы әсіресе аптап ыстықта қатты қиналып кеттік дейді. Өңірде қазір ауа температурасы +40 градустан түспей тұр. 

Самат Қапланбеков, Қасқасу ауылының тұрғыны: 

- Жаз шықса су жоқ енді бізге, су проблема болып кетті. Малға да су таппайсың, Сайрамсудан тасимыз лаж жоқ. Қайтеміз енді. Үш күн, төрт күн сондай болмай қалады. Үш күн берсе, төрт күн болмай қалады ғой.

Қасқасулықтар бес жыл бұрын құбыр тартылғанда қуанған. Бірақ қуаныштары көпке созылмады. Себебі құбырларға келетін Қамайбұлақ бастауындағы судың көлемі азайып, ауылға жетпей қалған.

- Қазір халықтың бәрі сусыз отыр, сіз суды енді тартасыз.

Жергілікті халық бастауға жақын орналасқан кәсіпорын ауыз суды бұрып алып, жасыл желегін суарып отыр. Сөйтіп, суды ауылға жібермей отыр деп дейді.

Ерлан Бексейітов, Қасқасу ауылының тұрғыны:

- Қасқасу су шығару зауыты тікелей соған қосылып отыр. Оның рұқсаты 20 метр, жиырмалық та. Бұл жерде 4 гектар 20 сотық жерді суарып жатыр да хозяйндары. Ауыз судан бөліп алып, счетчиксіз, ешқандай несіз. Ал халықтың бәрі осындай жазда, шілденің ыстығында ауыз сусыз отыр ғой.

Кәсіпорынның басшысы жұмыс орнында жоқ болып шықты. Бірақ қызметкерлері «суды тұтынып жатқан жоқпыз» деп, басын алып қашты.

Станислав Яковенко, кәсіпорынның цех басшысы:

- Бастапқыда осы аумақты көгалдандыруға сол құбырдан су алып пайдаланғанбыз. Халық шулап кеткен соң біз ол суды пайдаланбай қойдық. Ал өндіріске суды біз арнайы рұқсат етілген су ұңғымасынан пайдаланып отырмыз. 

Ал мамандардың айтуынша, судың жоқтығына кәсіпорынның пайдаланып отырғаны емес, ұңғымадағы су көлемінің азайып кеткені себеп болған. Сондай-ақ көршілес Керегетас ауылындағы жөндеу жұмыстары да су тапшылығына әкеп соқтырып отыр. 

Айтбай Тәжібаев, «Леңгір су» МКК Бас инженері:

- Жаңғақтыдан су қосқанбыз негізі. Енді қазір құрылыс жүргеннен кейін ескі проводтарға тиіп кетеді де ол водопроводтарды жөндеп, анау-мынау қылғанша уақыт өтіп кетіп жатыр. Ендігі аптада бүкіл бригаданы сол жаққа шығарамыз, су жүйесін реттеп, Қасқасуға суды береміз. 

Мамандар Қасқасу елді мекеніне суды Керегетас ауылына тартылған құбыр арқылы жеткізбек. Біра ондағы құрылыс тек келер жылдың соңында аяқталады. Оған дейін қасқасулықтарға суды өзеннен тасып ішуге тура келеді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы